«Олимпиада алтынын алу үшін самбодан дзюдоға өттім»

Гауһар Тұрмаханова – самбодан ересектер арасындағы облысымыздан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Мақсаты – биік. Қарапайым. Гауһар жақында алдағы жоспарымен бөліскен еді.

Гауһар Тұрмаханова
Гауһар Тұрмаханова

Жеңіске жетелеген жол

Гауһар Отырар ауданындағы 20-30 шақты түтіні бар кішкентай ғана Жанкелді ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін көрші ауылдағы М. Әуезов атындағы орта мектепте білімін жалғастырады. Мектепте күрес үйірмесі бар. Құрбысына еріп, бұл да барып жазылады. Басында күреске 30 шақты қыз қатысып, жаттығуларын бастаған. Бірақ, бірте-бірте қиындығына, тәртібіне шыдамай қатарлары кеми береді. Айналасы бір жылдың ішінде боз кілемде Гауһардың жалғыз өзі қалады. 6-сыныпта облыс біріншілігінде топ жарды. Бұл жас палуан қыздың алғашқы жеңісі еді. «Ата-анам бастапқыда «бала ғой, барады, ойнайды, кейін өзі тастап кетеді» деп ойлады. Ал менің әр жарыстан кейін күреске деген қызығушылығым арта берді. Болашағымды спортпен байланыстырдым. Кейін ата-анам: «қыз баласына қол емес» деп боз кілемді жағалап, ала өкпе болып жаттыққаныма қарсылық таныта бастады. Күрестің алғашқы әліппесін үйреткен бапкерім Нұржан Пердебеков екеуміз жарыс сайын рұқсат сұрап, үйдегілерге жалынып жүретінбіз. Әр жарысқа жылап жүріп баратын едім. Республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жеткен соң менің қалауым спорт екенін түсінді. Қазір «бар, тастама» деп отырады, сенеді. Шынымды айтсам, ата-анамның менің белдесуімді келіп көргенін қаламаймын. «Келмеңдер, теледидардан тамашалаңдар» деймін. Қобалжитынымды білемін. Олар түсінеді. Ал жарыс біткен сәтте «Батыр қызым, еш жерің ауырып қалған жоқ па?» деп бірінші болып апам қоңырау шалады», – дейді Гауһар.

Спортшы қыз 9-сыныпты бітіргеннен кейін Шымкенттегі М.Әуезов атындағы колледждің заңгер мамандығына оқуға түседі. Сосын аталмыш университеттің денешынықтыру мамандығына құжат тапсырады. Енді міне, биыл қолына диплом алғалы отыр.

10-003

Құралбай Орынбасар, жаттықтырушы, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Гауһар – өте сабырлы, боз кілемде ашуға ерік бергенін көрген емеспін. Сөзден гөрі іске ден қояды. Самбоға тиесілі барлық үлкен сайыстарды ұтты. Бір өкініштісі, олимпиадалық спорт түрі болмағандықтан кей жерлерде ескерілмей қалады. Өзім Азия, әлем кубогін ұтқаныммен, әлем чемпионы бола алмадым. Енді шәкірттердің біз шықпаған белес-ке шыққанын тілейсің, қалайсың, тер төгесің. Тамыз айында дзюдодан Астанада әлем чемпионаты өтеді. Алғашқы бестіктен көрінгендерге олимпиадаға лицензия таратылады. Гауһардың денсаулығына байланысты сәуірден бастап тыңғылықты жаттығуымызды бастап, сол сайыста топ жаруды көздеп отырмыз. Гауһар самбодан өз салмақ дәрежесіндегі рейтингте бірінші орында тұр. Наурыз айының 24-30 аралығында Мәскеуде үздіктерді марапаттайды. Бұйыртса, жақында соған аттанамыз.

Үшінші әлем чемпионы

Қалаға келгеннен кейін Гауһарды самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Орынбасар Құралбай жаттықтыра бастайды. Тәжірибелі бапкерден тәлім алған ол бас-аяғы алты жылдың ішінде самбодан, дзюдодан, қазақша күрестен ел біріншілігінде топ жарды. Азия чемпионы, екі рет әлем чемпионы атанып, көк туымызды көкте желбіретті. Былтырғы жыл Гауһар үшін жемісті болды. Ол Жапонияның Нарита қаласында өткен самбодан ересектер арасындағы Әлем чемпионатында 52 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, 22 жасында әлем чемпионы атанды. «Румыния, Украина, Франция палуан қыздарының жауырынын жерге тигіздім. Ал финалда әйелдер арасында үш жыл қатарынан әлем чемпионы атанған Анна Харитоновамен жолым түйісті. Жасы үлкен. Мықты қыз. Боз кілемге шыққанда білетін дұғамды іштей күбірледім. Қарсыласымның мысынан, атақ-абыройынан қаймыққан жоқпын. Өйткені өзімнің дайындығыма сенімді едім. Оңтайы келгенде көрген-түйгені мол, әккі балуанды алып ұрдым. Осылайша қазақ спорты тарихында 1996 жылы тұңғыш әлем чемпионы атанған Сәуле Ғабдулина, одан кейін 2007 жылы ешкімге дес бермеген Райса Байлиева әпкелерімнің жетістігін араға жеті жыл салып, үшінші болып қайталадым, – дейді Гауһар.

10-002

Самбошы қыздың арманы

Спортшының әр жеңісі төгілген терге, бабы мен бағының қатар шапқанына байланысты. Жаттықтырушысының еңбегі ерен. Гауһардың жолы болды. Құралбай ағайына жолықты. «Құралбай ағай күнде таңертең екі сағат, кешкісін екі сағат боз кілемде бірге жаттығу жасайды, күреседі. Психологиялық, медициналық жағынан көмектеседі. Ағайымның отбасымен бірге тұрамын. Ата-анам сияқты болып кетті. Қас-қабағыма қарап тұрады. Тамақтануым, жаттығуым бәрі-бәрі бақылауда. Кейде кешкісін достармен бас қосамыз. Сәл кешігіп жатсам, «уақытылы ұйықтауың керек, үйге қайта ғой» деп хабарласады, – дейді ол.

Гауһар бос уақытында жүзуге барады, шаңғы тебеді. Ауыр атлетиканың, футболдың жанкүйері.

Әрбір спортшының арманы олимпиадада атой салу ғой. Бірақ самбо күресі олимпиада бағдарламасына кірмегендіктен ол дзюдодан да бақ сынамақ. Жетістіктері баршылық. Самбо күресінен дүниежүзілік жарыстардың барлық шыңын бағындырған Гауһардың дзюдодан да ел намысын абыроймен қорғайтынына сенеміз.

Қызықты оқиғасы

2013 жылы Санкт-Петербургте әлем чемпионаты өтті. Қайтарда ұшаққа бапкерлер бөлек, спортшылар бөлек мінетін болды. Билет уақыты әртүрлі екен. Ағайымыз қонақүйден шығып бара жатқанымда «тұрыңдар, билеттеріңді қараңдар, ертерек әуежайға барыңдар» деп айтып кеткен. Бірақ біз әуежайға жетеміз дегенше тіркеу аяқталып кетіпті. Қалтамызда артық ақша да жоқ болатын. Содан 12 сағат әуежайда аштан-аш, жаурап отырдық. Елге келгесін ағайымызға кішкентай бала сияқты өкпеледік. Қазір есіме түссе күлкім келеді.

Әйгерім Бегімбет

«Оңтүстік Рабат», №10, 11.03.2015