Майдан даласында жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ал сол он оқтың жетеуі Шымкент қаласында жасалған. Ел ертеңі үшін жаумен ерегіскен ерлерді оқпен қамтып отыруға негізінен нәзік жандар атсалысты.
Әйелдер қауымы зауытта белі қайыса ауыр жүк көтерді, қара жұмысқа жегілді. Жеңіс туының желбіреуі үшін күш-қуатын бір арнаға тоғыстырған іргелі өндіріс ошағы туралы тілшімізге шымкенттік еңбек ардагері Тұрдалы Усманов әңгімелеп беріп еді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=A3Vn6O9zDK8[/youtube]
Мұнда ел басына қара бұлт үйірілген тұста ауқымды міндет атқарған зауыт жұмысшыларын еске салатын ескерткіш тақта бар. Елеулі еңбегімен тарихта қалған есімдер кезінде Калашников автоматы мен орыс винтовкасына оқ дайындауға қатысқан.
Тіпті зеңбірек оқтары мен танктің қосалқы бөлшектерін де шығарыпты. Күн-түн демей білек сыбанған жұмысшылар оқ-дәрілерді вагон-вагонға тиеп, майдандарға жіберіп тұрған.
Айтқандай, соғыс жылдары қорғасын зауытының 400-ге жуық жұмысшысы қолына қару алып, өз еріктерімен соғысқа аттанды. Кейіннен, жаппай демобилизациядан соң, майдан даласында ұрысқа қатысқан жауынгерлер зауытқа оралып, жұмыстарын қайтадан жалғастырды.
Соғыс кезінде мұнда 3 мыңға жуық қызметкер жұмыс істеді. Олардың дені 18 бен 40 жас аралығындағы әйелдер еді. Нәзіктігіне, жаратылысына қарамастан қара жұмысқа жегілген әйелдер қауымы зауытта белі қайыса жүріп ауыр жүк көтерді. Темір мен кірпіш тасыды.
Еңбек ардагерінің айтуынша, соғыс кезінде қорғасын зауытында темірдей тәртіп болған. Режимнің қатаңдығы сондай, жұмысшылар бірнеше айлап зауыттың аумағынан еш жерге шығарылмаған. Әсіресе, мұнда күнделікті руда әкелінген кезде күзет қызметкерлері мылтық кезеніп, жұмысшылардың әрбір қадамын бақылауда ұстаған.
Соғыс басталғанда Тұрдалы Усманов небәрі 7 жаста еді. 1953-1984 жылдар аралығында зауытта жұмыс істеген ол өндіріс орнының соғыс жылдарындағы қызметі туралы әріптестерінен, сол кездегі қызметтестерінің әңгімесінен біледі. Көрген-білгені көп қария мұнда жиі келіп тұрады. Ел басына күн туған шақта еңбек алаңынан табылған жұмысшылардың ескерусіз қалғаны жанына батады. Марқұмдарды еске салатын мәңгілік алаудың сыйқы да оны қатты қынжылтты.
Бүгінде есімдері елеусіз қалған тұлғалардың құрметіне кезінде Шымкенттегі бірнеше көше атауы беріліпті. Деректерге жүгінсек, Шымкент қорғасын зауытына өзге өңірлерден жалпы 2 эшалон жұмысшы тобы, яғни, 1500-ге жуық маман жіберілген. Оларға арнайы баспана салынған.
Зауыттың күшімен бой көтерген сол үйлер қазіргі таңда қаламыздағы Чехов, Московская, Чапаев, Шкалов, Парижская коммуна, Добролюбов көшелерінде әлі де бар.