Отандық өндіріс әйелдерге арналған сапалы шұлықтар шығарады

497

Шымкенттегі «ПК Inspiration» серіктестігі қыз-келіншектерге арналған шұлық тоқумен айналысады. Италияндық технологиямен жабдықталған кәсіпорындағы озық инновациялық техника тілін жергілікті мамандар жетік игерген. Бұл туралы 24.kz ақпараттық порталы жазады.

«Шымкентте жасалған» деген белгісі бар әйелдер шұлығы әлемдік сапаға сай тоқылып, отандық нарықта саудаға шығарылып жатыр. Оңтүстіктің брендіне айналып үлгерген өнімнің бағасы өзге елдікінен әлдеқайда арзан.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=fi4w9g9jlEk[/youtube]

Бір қызығы, ұұлық тоқитын қондырғыларды негізінен ер азаматтар басқарады. Өндіріс басшысы Мутал Шамахсумов станоктардағы әрбір жіпті жіті бақылап жүреді. Өйткені техника мүлт кетсе, қаншама өнім жарамсыз болып қалады дейді ол.

Мутал Шамахсумов, «ПК Inspiration» ЖШС өндіріс басшысы: «Біз өз қолымызбен жасағандықтан, өнімнің қандай болатынын дөп басып айта аламыз. Өйткені әйелдің нені қалайтынын ер-азаматтан артық ешкім білмейді. Қондырғыға қажетті бағдарламаны өзіміз жасаймыз. Тоқимыз, сосын қыз-келіншектерге ұсынамыз.»

Отбасылық бизнесті өркендетіп жүрген кәсіпорын басшысы Италия мен Германиядағы серіктестерімен бірігіп, осы жобаны қолға алған. Соңғы үлгідегі жабдықтар шұлықтың түр-түрін тоқып шығарады. Шикізат Еуропадағы жетекші компаниялардан әкелінеді. Тоғыз түрлі жіп қолданылады. Құрамында созылмалы заты бар материалдар қосылған шұлықтар шыдамды келеді дейді мамандар. Отандық өнім сонысымен де ерекше.

Светлана Елистратова, «ПК Inspiration» ЖШС бақылаушысы: «Біз негізгі жұмыстарды атқарамыз. Ал Италияда бұл жұмыстарды ер-азаматтар жасайды екен. Тоқу станогынан бізге шұлықтың алғашқы тоқылған бөлігі түтікше ретінде келеді. Осында қажетіне қарай екіге бөліп, бір-біріне жалғап, тігіп шығамыз. Сосын ыңғайлы болады.»

Кәсіпорындағы барлық техника компьютер көмегімен басқарылады. Алдын ала дизайнерлер қажетті заттың түрі мен кескінін жасап алады. Қондырғы сол жобаға қарап шұлықты өзі тоқиды. Тағы бір артықшылығы — қалауыңызға қарай ірі және майда торлы етіп, сонымен қатар шұлық бетіне сурет тоқуға да болады екен. Маусымына қарай өнімнің түсі де өзгереді. Әзірге кәсіпорындағы үлгіні италиялық дизайнер жасап жатыр.

Бушини Мауро, технолог-дизайнер: «Бұл — өте жақсы әрі сапалы өнім. Маған қатты ұнайды. Өнім өте мұқият және ұқыпты тігіледі. Біздің бұл салада тәжірибеміз көптеу. Сондықтан білгенді үйретіп жатырмыз.»

Серіктестік айына осындай 45 мың дана әйелдер шұлығын тоқуға қауқарлы. Өндірістік компания бұйымдарын еліміздегі дүкен сөрелерімен қатар шетелдегі ірі сауда кешендерінен де көруге болады. Бастысы – отандық өнім оңтүстік жұртының мақтанышына айналып келеді.