Сәбит «Созақты» түсіріп жатыр

8-004

«Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы халыққа танылған, қазіргі таңда «Қазығұрт» киностудиясының директоры, түрлі жанрда кино түсіріп жүрген режиссер Сәбит Әбдіхалықов Созақ туралы кино түсірмек. Бұл туралы біз режиссердің әлеуметтік желідегі парақшасынан оқыдық. Туған жер тарихы туралы түсірілетін киносы бізді бей-жай қалдырмай, режиссердің өзімен хабарласқанбыз.

Бұл ақпараттың рас екенін өзі де айтты. Тіпті қазіргі таңда «Созақ» туралы киноның түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Қапшағай маңында жүріп жатыр. 1930 жылғы көтерілісті, зобалаң жылдарды еске түсіретін бұл фильм неге Созақ жерінде, Қаратау бөктерінде түсірілмеді деген сауалымызға режиссер: «Киноны түсіру үшін, Созаққа арнайы барып қайттым, бірақ 1930 жылғы Созақ көтерілісін сипаттайтын жердің ыңғайы болмады. Жер шалғайлығы тағы бар. Түсірілім жүріп жатқан Қапшағай өңірі ыңғайлы, үлкен қалаға жақын, ең бастысы кино сапалы шықса болғаны»- дейді.

8-005

«Созақ» туралы кино түсіру идеясы қайдан келді, кинодағы оқиға неге негізделген, сценарийді жазуға кімдер қатыстырылды деген сұрағымызға: «Өтеш Қырғызбаевтың «Созақ көтерілісі» тарихи романын оқып шыққанан кейін кино түсіру қажет деген шешімге келдім. Сол замандағы оқиғаны көрсететін кино әлі жоқ.

Оқиға желісі ағайынды алты адамның басынан өткен қиындығы арқылы заманның шындығын көрсетсек пе дейміз» деп жауап берді. Аталған киноға «Жаужүрек мың баладағы» Сартай батырды сомдаған Асылхан Төлепов, Елбасы туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» киносындағы Әбіш ақсақалдың рөлін сомдаған Ержан Жарылқасын, талай фильмдерде көрерменнің жүрегін жаулаған белгілі актриса Райхан Айтқожанова түсіп жатыр», – деп жауап С.Әбдіхалықов.

8-006

1930 жылғы көтерілісті сипаттайтын «Созақ» қысқаметражды фильм болмақ. Көктем айының соңында көрерменге жол тартады. Режиссер бұл фильмнің Лондонда өтетін фестивальға қатысатынын да айтты.

Ерлан Райымқұлов

«Оңтүстік Рабат», №8, 25.02.2015