Сайлауға бір ай қалды

295

Қазақстан Республикасы Президентін сайлау күніне тура бір ай уақыт қалды. Осыған орай Оңтүстіктегі 1029 сайлау учаскесінде бекітілген шекараларда тұратын сайлаушылардың тізімі нақтыланып жатыр. Қалалық аумақтық сайлау комиссиясы бүгіннен бастап қайта жасалған мөрлерді хатшыларға табыстауға кірісті.

Қалалық сайлау комиссиясы аптаның соңына дейін Шымкенттегі 222 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне арнайы мөрлерді табыс етуі тиіс. Комиссияның құзыретін растайтын мөрді Сәрсенкүл Әбдраимқызы да қол қойып алды. Ол Президент сайлауына осымен екінші рет қатысуда. Бұл жолы №23 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы болып қызмет атқарады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=tzoQdyFoVQI[/youtube]

Сәрсенкүл Аитова: «Кеңсе тауарларын алуға келдім. Бүгінде біз сайлаушылардың тізімін анықтаудамыз. Қазір 1400 сайлаушы анықталды. Бұл тізім әлі де толығады.»

Сайлаушылардың тізімін қаладағы №7 мектептің ғимаратында орналасқан №100 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері де нақтылауда. Мұнда сайлауға қажетті құрал жабдықтардың барлығы әзірленген.

Сайлаудың ашық әрі әділ өтуі учаскелік сайлау комиссия мүшелерінің сауаттылығына байланысты екенін облыстық аумақтық сайлау комиссиясындағылар жақсы түсінеді. Сайлаудағы байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің міндеті бүгін өткен баспасөз мәслихатында кезекті рет жария етілді. Өз кезегінде сайлаудың заң шеңберінде өтуін құзырлы органдар да қадағалауына алмақ.

Осы арада Қазақстан президенттігіне үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары өңірлерде де басталып кетті. «Нұр Отан» партиясы атынан Президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын облыстық қоғамдық штаб Шымкеттегі «Қиял әлемі» техносаябағында ауқымды шара ұйымдастырды.

001

Кәсіпкерлер, оқу орындарының басшылары, зиялы қауым, қоғамдық ұйымдардың өкілдері өздері жиналған саяси шараның маңыздылығын, үміткер Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беретінін білдірді. «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» деп ұрандатқан жастар сайлауға қатысып, біздің дауысымыз маңызды деген ұстанымын алға тартты.