Наурыздың 14-і күні Сарыағаш ауданындағы Қызыләскер ауылының маңындағы бозтөбенің басында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халық Ассамблеясының 20 жылдығына арнап үлкен ас берілді. Елбасы айтқандай, ұлттық тарихымызды ұлықтап, бүгінгі биіктерімізді бағалау парыз болып табылады. Осы қағиданы ұстанғандар жыл басталысымен-ақ жер-жерде іс-шаралар мен ұлан-асыр той жасап, перзенттік борышын білдіріп жүр. Мерекелік шарада Қазақ хандығының қанат жая құрылуы мен дамуы туралы көрініс қойылып, өнерпаздардың қасиетті туған жер, ана туралы, татулық жөнінде әндер шырқалды.

Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарының тоғысқан жері, Сырдария өзенінің бойында өткен тойда отыздан астам киіз үй тігілді. Екі аудан бірігіп ұйымдасқан дүбірлі тойға демеушілік жасаған Мәлік Айтуғанұлына тұрғындар өз алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар кәсіпкер Жеңістің 70 жылдығына орай қазыналы қарттарымызға сый-құрмет көрсетіп, 10 ардагерге темір тұлпардың кілтін табыстады.

Мерекелік басқосу барысында ақсақалдар бабалар рухына дұға арнап, өткенге салауат айтып, елдің болашағына бейбітшілік тіледі. Ата-бабамыз ақ білектің күшімен, найзаның ұшымен артындағы ұрпаққа аманат етіп қалдырған Қазақ даласының ұланғайыр жеріндегі дүбірлі тойға жиналған қауым бұл басқосудан көп жәйтті көңілдеріне түйді.

Жиынға келгендер елімізге белгілі айтыскер-ақындар Балғынбек Имашев, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Мұхтар Ниязов, Бекарыс Шойбеков сыңды ақындардың өнерін тамашалады. Дүбірлі той әдеттегідей қазақтың ұлттық ойыны көкпармен жалғасын тапты.

005

006

007

008

009

Дереккөз: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі