Шардарада Наурызды ең алғаш Жәлел ұйымдастырды

Жәлел Кеттебеков
Жәлел Кеттебеков
Жәлел Кеттебеков

Ол жұқа өңді, қағылез денелі болатын. Сөйлесе қалсаңыз мағыналы пікірімен, салмақты да салиқалы әңгімелерімен өзіңізді еріксіз ойландырып қоятын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Жәлел Кеттебековпен Шардара қаласында көрші тұрдық. Ауылдас болып араласып, бауыр басып, дос-жолдас ретінде сырласып жүрдік.

Шымкентке көшіп келген соң барлық тірлікті жиып қойып, жұбайым Тілләқыз екеуміз ең алдымен төсек тартып жатқан Жәлелдің қолын алып, көңілін сұрап қайтайық деп шештік. Есікті Жәкеңнің жұбайы Күлпара ашты. Жәлел өз бөлмесінде жатыр екен. Біздің келгенімізді айтып шыққан Күлпара: «Біраз отыра тұрыңыздар, түнімен компьютермен жұмыс істеп шаршап қалған болуы керек», — деді.

Шай ішіп әңгімелесіп отырып, бір сағаттай күте тұруға тура келді. Содан соң ғана Күлекең кіруге болатындығын айтты. Тар төсекке таңылған Жәкең жылыұшырай амандасып, балалардың бәрін жеке-жеке сұрап, маған қарап отырыңыз дегендей ишара жасады. Тек басын көтерген кезде барып, бағанадан бері бізді неге кіргізе қоймаған себебін ұққандай болдым. Еңсесі биік ер тұлғалы азамат бойынан қуат кетіп, еттен арыла бастапты. «Ертеңгі күнім не болар екен?» деп дәрменсіз күйін сырт көзге көрсеткісі келмей, өзімен-өзі болғанды ұнатқан екен-ау.

Қайран, Жәке! Болмыс-бітіміңмен, ой-пікіріңмен, бойыңа біткен ақыл-парасатыңмен, теңіздей терең біліміңмен сен бізден оқ бойы озық тұратын едің-ау. Қоғамдағы әділетсіздікке, билік басындағы әпербақандыққа, саясаттағы екіжүзділікке қаның қас еді. Арамызда жүріп-ақ көпшіліктің көңілін күйттеп, мұңын жоқтап өттің.

Ызғарлы желтоқсаннан кейінгі көктемде Шардарада ең бірінші болып Наурыз мерекесін тойлауға өзіңнің ұйтқы болғаның есімде. Көктемнің сол бір жаймашуақ күні қала шетіндегі бау ішінде қазақы салтпен көрпешелер төсеп, дастархан жайғанбыз. Домбырамен күй төгіп, дала төсінде ән тербеп арқа-жарқа болып қалған едік. Бұл 1987 жылдың көктемі еді. Әлі еш жерде Наурыз мерекесі тойланбайтын уақыт. Біз тұратын үйдегі отыз екі пәтердің иесі тұңғыш рет ұйымдасып, өзімізше төл мерекемізді атап өтуге жиналдық. Бәрін ұйымдастырып жүрген Жәлел. Сол мерекеде есте қаларлықтай жәйт, Жәкең еліміз туралы, ел бірлігі, тарих, білім, ғылым, мәдениет, әдебиет дейсіз бе, жалпы, ұлтымыздың өткені мен келешегі жөнінде тебіреніп ой толғап, кесек-кесек пікірлерін білдірген еді.

Жәкең сол отырыста М.Әуезов, Ш.Айтматов, М.Мақатаев, О.Сүлейменов туралы да айтты. Тіпті, академик Сахаров жөніндегі ойларын ортаға салды. Ядролық қарудың Қазақстан жеріне орналасқанына, қазақтың қасіретіне айналып отырған Семейдің ядролық сынақ алаңына айналуына қатты алаңдаушылық білдіретінін аңғардық. Ел болу үшін бас көтеріп, елімізді ядролық қарудан ажыратып алуымыз керек деп еді-ау.

Жәкеңнің бойында болашақты болжау, келешекті көре білу сияқты қасиеттер баршылық еді. Желтоқсан мәселесіне тоқталып, Орталық комитеттің шешіміне қарны ашып, Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарға жанашырлық сезімін білдірген. Жәкең сонда уақыттан әділ, уақыттан қатал сыншы жоқ, әлі көресіздер, сол Желтоқсан шеруіне қатысушылар мен оның басында жүрген азаматтар өз заманындағы орыстардың «декабристері» сияқты ұлт мақтанышына айналары сөзсіз деген еді-ау.

Несін айтасыз, ойы озық, парасаты биік, қанында, бойында ұлт намысы тасыған Жәлел көк майсада доп қуалап жүрген балаларға қарап: «Осылар біздің келешегіміз ғой, бөгде біреулердің боданында жүре бермей, осылар ел тізгінін ұстауы тиіс. Сөйтіп әлем көшінің ортасынан ойып тұрып орын алса біздің қазағымызға жараспас па еді» деп күрсінген едің.

Құдайға шүкір, періштелер Жәлелдің сөзін «Әумин!» деген екен, араға үш-төрт жыл салып тәуелсіздігімізді де алдық-ау. Сондағы Жәлелдің қуанышында шек жоқ еді. Жас балаша мәз-мейрам болып шаттанып: «Қалеке, қолымыз жетті-ау тәуелсіздікке! Енді егемен ел боламыз, көр де тұр БҰҰ-на да мүше боламыз» деп масаттанып, көкірегін кере әсерленген. Сонда «Міне, бақыт деген осы ғой!» демеп пе едің?!

Иә, сол Наурызда жайылған дастархан басында әңгіме әдебиет саласына қарай өрбігенде қарап отырмай: «Жәке, сіздің шығармаларыңыздан батыс классиктерінің сарыны сезіледі, ол неліктен? Әлде сіз соларға еліктейсіз бе?» деп қалып едім, ол мырс етіп күліп: «Біздің Қалекең батыс классиктерін де біледі, қараңдаршы, қандай сұрақ қойғанын?» деген. Содан соң ол былай ғой деп тәптіштеп түсіндіріп еді.

–Жалпы біздің тұстастарымыз, бізбен қатар соғыстан кейін дүниеге келген ұрпақ білім, ғылымға, кітапқа құмар болып өстік, — деген еді сонда Жәкең. – Ауылдағы кітапхананы түгел адақтап, кімде қандай жақсы кітап бар деп іздеп жүріп оқыдық қой. Өсе келе аудандық, қалалық кітапханалардағы кітап сөрелерін саралап, өзіміздің А.Құнанбайұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сынды ақын-жазушыларымызбен қатар шетел классиктерін де оқи бастадық. Жалпы, орыс әдебиетіне, әлем классиктерінің шығармаларына үлкен қызығушылықпен ден қойып, құмарлана оқыдық. Батыс жазушыларының сарыны деп отырғаның, осы қазіргі біз қатарлас өсіп келе жатқан қазақ ақын-жазушыларының шығармаларындағы белең берген құбылыс деп ұққан дұрыс сияқты. Себебі, біз ұлттық әдебиетпен қатар батыс әдебиетінен де сусындап, бойымызға нәр жинаған жоқпыз ба?».

Жалпы, Жәкең қанша білімді, ойы жүйрік, ізденімпаз болғанымен өте қарапайым, қазақы мінезді, кең қолтық ақкөңіл жан еді. Адал жар, аяулы әке, адал дос болатын. Құдай қосқан қосағы Күлпараны аялап, оның үсті-басына, киген киіміне, жүріс-тұрысына дейін назар аударып, көңіл бөліп жүретін жан еді. Кейде тіпті үйіне қонақ болып бара қалғанымызда үйде Күлпара жоқ болса қызы Раушан екеуі дас-тархан жайып, шай дайындап, қазір Күлекең де келіп қалар, тамақ әзірлер, әзірше шай іше тұрайық деп шәйнектен шай құйып беретін. Ағайындарына, туыс-жекжаттарына қамқор, жанашыр еді.

Күлпараның әпкесі Зина мен сіңілісі Ғалияны, баласы Қамбарды аса құрметтеп, қашанда ол кісілердің атын атап, әңгімеге жиі арқау етіп отыратын. Ұлдары Саттар мен Мұхтардың ауладағы қатар өскен балаларын жинап, олармен әңгіме-дүкен құрып, кейде солармен доп та қуалап кететін.

Бірде Жәкеңнің ауладағы балаларды жинап алып олардың өскенде кім болғысы келетіндерін, қайда оқуға барғысы келетіндерін сұрастырып, пікір таластырып жатқанына куә болғанымыз бар. Міне, сонда «ел келешегін ойлайтын азамат осындай болуы керек екен-ау» деген ойда қалғанмын.

Қадірлі Жәке! Біз өзіңізді жиі сағынып, аса бір жылы сезіммен еске алып отырамыз. Кейде өзің есіктен абыр-дабыр сөйлей кіре сала төрге озып, амандық-саулық сұрасып, әзіл-қалжыңы аралас «бүгін Тәкеңнің қарынбүрмесін жеуге келдім» деп бәрімізді күлкіге бөлеп отыратын едің-ау. Тосын әңгімелеріңмен, уытты әзілдеріңмен отырысты жандандырып, айналаңды күлкіге кенелтетін, жиналған кісілердің жақсы демалуына жағдай жасайтын әдетің де баршылық еді.

Сол жылы біздің Тілләміз туған күнін атап өтпек болып араласып жүрген отбасыларды кешке қарай түгел үйге шақырғанбыз. Отырысты Жәлелдің өзі жүргізген. Жәкең келген кісілерге өзін таныстыра отырып, осы кешке өздерінің құр келмегендерін айтқан. Арнайы сыйлығын табыс етіп тұрып «менің Тілләқыздың туған күніне арнап жазған бір шумақ өлеңім бар еді» деп жанға жайлы қалжыңға құрылған жырларын оқыған еді.

Қайран Жәке! Соңғы рет көңіліңді сұрай барғанда қоштасар сәтте қолыңды беріп тұрып «Қалеке, Құдай қаласа мен тұрып кетемін, екеуміз бірге істейтін көп тірліктер бар. Міне, «Адал ас» атты бағдарлама түзіп қойдым, түгел болғасын өзіңізге оқытамын. Ойда жүрген бір-екі мәселені талқылаймыз да іске кірісеміз. Көрерсіз әлі, шаруа қожалығын ашып, атқарылмай жатқан көп істі бірге орындайтын боламыз. Ал, әзірше хош!» деп жастығыңды икемдей басыңды бұрып, жатуға қамданып қала бердің. Қимай қоштасып, бейжай күйімізде біз шығып кете бардық.

Бірақ, Жәкең содан қайтып тұрмады…

Қуанбек АБДУЛЛАЕВ

«Оңтүстік Рабат», №11, 18.03.2015