Шымкентте тұрмыстық қалдықтарды жинау бойынша жаңа жоба іске қосылды. Яғни енді қоқыс сұрыпталады. Содан соң қайта өнделеді. Қағаз, пластик және аралас қалдықтар бөлек жиналады. Бүгін пилоттық жоба негізінде «Самал» шағынауданындағы 20 жеке үйге арнайы қоқыс жәшігі қойылды.
«Эко-тазалық Шымкент» серіктестігі қолға алып отырған жаңа жоба тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Бұл біріншіден тазалыққа үйретсе, екіншіден қатты тұрмыстық қалдық арасында әжетке жарайтын дүниелер ысырап болмайды дейді. Сондықтан болар, үйлерінен шыққан қоқысты сұрыптап тастауға дайын.
Ниятбек Тоғысбаев, қала тұрғыны: «Бұл дұрыс бастама. Қашанғы көш соңында жүре береміз? Еуропаның өркендеуіне қызығып отыра береміз бе? Оза шабуымыз керек. Несі бар, сұрыптап тастау дұрыс. Кейде нанды лақтыра салады, егер сұрыптаса, обал болмас еді. Құптарлық бастама.»
«Самал» шағынауданындағы жиырма үйдің алдына жаңа контейнерлер қойылды. Онда тұрмыстық қалдықтар бөлініп жиналады. Әзірге әр үйдің алдына екі қоқыс жәшігі бар. Біріне қатты қалдық салынса, енді біріне өзгелерін төгеді. Бұл жоба Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Осылайша қала тұрғындарының мәдениетін арттырып, өркениетті елдегідей өмір сүруге үйретеді дейді жобаны жүзеге асырушылар.
Сәуле Атемова, «Эко-тазалық Шымкент» ЖШС директоры: «Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың пайдасы көп. Біріншіден, қоқыс сақтау орындарында қоқыс тастау 40 пайызға төмендейді. Қоқысты бөлу экономикалық оң нәтиже бермеген жағдайда да әрдайым қоршаған орта үшін нәтижесін беріп отырады. Ауа тазалығын, судың сапасын жетілдіру және ластанудың жалпы деңгейін төмендетеді. Қалдықтарды бөлудің нәтижесінже азаматтардың жауапкершілігі артады. Бұл қоқыстар тасталған контейнерлерді арнайы көліктер әкетеді.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=p4h7IBYFKEE[/youtube]
Айта өтейік, бұған дейін тұрғындардың тұрмыстық қалдықтары аптасына бір рет шығарылып келген. Енді жаңа жоба бойынша жиі тазаланатын болады. Егер оң нәтиже беріп жатса, шымкенттіктер қоқыстарын сұрыптап, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға үлес қосады деп күтілуде.