Наурыздың 9-жұлдызында елімізде «Оралу» атты толық метражды көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Кинотуындыны тамашалауға жиналғандардың қатары Шымкентте де көп болды. Фильм — елден жырақ кеткен, бірақ қайтып келіп, туған жерінде мүмкіндіктер, артықшылықтар көбейгенін түсінген, Отанын сүйген жас азамат туралы.
Картинаның кейіпкері Мақсатқа Еуропада тұрған, оқыған ұнайды. Ол – микробиолог, ауқымды жобалармен айналысатын ірі компанияда қызмет істейді. Мақсат алыстағы туған жерін тек іс-сапарлар кезінде, маңызды кездесулер барысында ғана ұшақ терезесінен көргенге үйреніп кеткен.
Шалғайдағы ауылда тұратын атасының кенеттен дүние салуы оның өмірін бір-ақ сәтте басқа арнаға бұрады. Ол өз қателігін түсініп, елге оралады. Тілін меңгереді. Атасынан қалған кәсіпті өзгеге сатудан бас тартып, оны дамыту қажет деп шешеді. Кинофильмде басты рөлдерді қазақстандық әртістер Санжар Мәдиев пен Аружан Жазылбекова сомдаған.
Беглан Мақұлбеков, көрермен: «Маған кино ұнады. Ең бастысы, әсерлі шыққан, туған жерге деген құрметті бірден-ақ аңғаруға болады. Мақсаттың бастан өткергенін көрген әрбір көрермен үлкен ойға шомып, еліне деген сүйіспеншілігі артады деп сенемін. Менің ойымша осындай мазмұндағы шығармалардың қатарын көбейту керек. Сонда ғана біз секілді жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен құрметі артады.»
Фильмнің режиссері әрі сценарийінің авторы — Рашид Сүлейменов. Шығарманың негізгі түсірілімі Алматы облысындағы Тұрар ауылында өтті. Енді «Оралу» фильмі 19 наурыздан бастап ел аумағындағы кинотетарларда көпшілік назарына ұсынылмақ. Айта кетейік, отандық еңбек оныншы рет өткен халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде көрсетіліп, «Көрермен көзайымы» атанды.