Шымкент – халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы ғана емес, Қазақстандағы үшінші қала мәртебесін иеленген шаһар. Әрине, бұл мәртебе тектен-текке беріле салған жоқ. Индустриалды аймақ құру, жаңа инновациялық жобаларды облыс орталығында жүзеге асырып, шоғырландыру, әлеуметтік мәселелерді жақсарту, қала құрылысын дамыту, көркейту, көріктендіру жұмыстары оң нәтижесін бере бастағандай.
Алайда…
Жақсымызды өзгелер тартып алмасы анық. Десек те, «мұндай жағдай Шымкентте ғана кездеседі» деген таптаурын түсініктің қалыптасуына кейде өзіміз де мұрындық болатындаймыз. Қалайша дейсіз бе? Былайша…
Қаладағы бірнеше көшелерді аралап қайттық. Қызығы сол, ойылып қалған асфальт жолды ою-өрнекті плиткалармен «жамау» тек бізде ғана кездесетін сияқты. Жә, «онысына да шүкір, ойылып, шұңқыр болып жатпағанын айтсайшы» дерсіз… Расында да қырық жамау, ойдым-ойдым жолдарды көргенде әлгі асфальтқа плитка төселіп жасалған «жамаумен» жылап көрісетін сияқтымыз. Бүгінде қала көшелерінің осындай қырлы тастармен жабылған ойық-шұңқырларының жалпы ауданы 230 шаршы метрді құрайды. Бұл шаһардың орталығындағы көшелердің сиқы. Ал қала маңындағы елдімекендерге барсақ бұдан да зорын көретін сияқтымыз.
Әрине, бас салып жергілікті билікті «қайда қарап отыр?» деп кінәлаудан аулақпыз. Бізді қызықтыратыны «осындай жолдардың барын жауапты сала мамандары біле ме екен?» деген сауалға жауап болғанын жасырмаймыз.
Бәлкім, ол кісілер дәл біздей қаланы жаяу аралап жүрмейтіндіктен көрмейтін де шығар-ау…
Десек те, ғасыр құрылысына бағаланған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы салынып, оны қаншама мемлекет жіті бақылауында ұстап, сапасына үлкен мән беріліп жатқаны шымкенттіктерге таңсық жағдай емес. Іргемізден өтіп жатқан сол жолдың салыну құрылысына қарап-ақ бой түзеуге болатын шығар-ау дейміз, сол баяғы үмітті үзгіміз келмей.
Айтпақшы…
Қалалық әкімдік жақында жақсы бір бастама бастап, ереже бұзған, тәртіпке бағынбаған автобус жүргізушілері туралы сурет, видео материалдарды жолаушылардың өзінен қабылдау арқылы жолаушы тасымалдау ісінде тәртіп орнатамыз деп отыр. Игілікті шара. Дәл осындай шараны ендігі жерде ой-шұңқыры көп жолдар бойынша да ұйымдастырса артықтық етпейтіндей. Осылай ету арқылы жолдың сапасына жауапты мамандарға қай көшеде, қандай жол бүлініп жатқанын көрсетер едік.
Жәнібек Нұрыш
«Оңтүстік Рабат», №12, 25.03.2015
P.S: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол жөндеу жұмыстарына биыл 550 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары басталды. 37 көшеге орта дәрержелі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 75 көше ағымдағы жөндеуден өтеді. Суреттегі көшелердің «жамауы» да сол кезде жөнделіп қалар…