Түркістан қаласында жаңа кәсіпкерлік мектебі ашылды. Облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен мұндай мектептер барлық аудан, қалаларда типтік үлгіде салынып отыр. Бұл нысандардың құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд. 900 млн. теңге бөлінген.
Кәсіпкерлік мектебінің маңыздылығы сол — бір ғимаратта барлық қаржы институттары мен әкімдіктің тиісті құрылымдық бөлімшелері орналасады. Нәтижесінде кәсіпкерге қажетті барлық пен қызметті бір жерден алуға мүмкіндік жасалып отыр. Кәсіпкерлік мектептің ғимаратында 2 оқытушы класс, «бір терезе» қағидасы арқылы қызмет көрсететін операциалық зал және конференция залы қарастырылған.
Бүгінге дейін кәсіпкерлік мектебі кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының базасында өз қызметін атқарып келген болатын. Былтырдың қорытындысымен 3 399 кәсіпкер оқыту курсын нәтижелі аяқтап, арнайы сертификаттарын алды. Оның ішінде 2 218-і — бастауыш кәсіпкерлер, 462-і — әрекеттегі кәсіпкерлер және 719-ы жастар болатын. Оқу курстарын аяқтаған 640 азамат 1,7 млрд. теңгелік жаңа жобаларын бастаған. Нәтижесінде 700-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
Кәсіпкерлік мектебі облысымыздың барлық аудан, қалаларында өз ісін ашам дейтін азаматтарға кәсіпкерліктің алғашқы дайындық курсын және арнайы семинар-тренингтер, сонымен қатар әрекеттегі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары базасында тәжірибелік мастер-класстар өткізіп, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуде.
Сонымен қоса кәсіпкерлік мектебі алғаш рет бірнеше жобаны іске қосып отыр. Атап айтқанда жастарға арналған «Өркен» бағдарламасы – өз ісін ашам дейтін 18-29 жас аралығындағы жастарға арналған бағдарлама.
«Сәтті бастама» бағдарламасы — бұл бастауыш кәсіпкерлер үшін, оның ішінде өз ісін ашам дейтін жұмыссыздар, өз бетінше қамтылғандар мен жеке тұлғаларға бағытталған.
Ал «Өрлеу» бағдарламасына шағын және орта бизнес субъектілерінің басшылары мен қызметкерлері, белсенді кәсіпкерлер және шаруалар қатысады. Мұнда жекелеген қысқа мерзімді тақырыптық тренингтер, семинарлар, тәжірибелік-далалық мастер-класстар өткізіліп отырады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі