Түрмеде құмар ойын ұйымдастырғандар сотталды

345
фото ғаламтордан алынды

Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта 6 айыпталушыға жаза тағайындалып, үкім оқылды. Олар әдеттегі айыптылар емес, трансұлттық дәрежеде қылмыс жасағандар.

Айыпталушы орындығында отырған алты адам Шымкенттегі ИЧ 167/3 мекемесінде жазасын өтеп жүргенде түрме қараушылары атанған. Олар колонияда карта мен құмар ойынның көрігін заңсыз қыздырады. Ондағы ұтыс қоры миллиондап саналған. Соның үштен бір бөлігін қылмыстық топтың мүшелері Мәскеудегі қылмыскерлер қорына аударып отырыпты. Ал общак аталып кеткен ақшаны ресейлік әйгілі қылмыскер Ташкенттік Жора уысында ұстаған дейді тәртіп сақшылары.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7-85XeEWeRk[/youtube]

Ташкенттік Жора атанған Георгий Сорокин қылмыскерлер арасындағы бейресми тізімде беделі жөнінен бесінші орында тұр. Тергеушілер дәл осы азамат Қазақстан түрмелерінің қараушыларын тағайындаған деп отыр.

Шымкенттегі № 31 түрме аталып кеткен абақтыны 30 жастағы Мақсат уысында ұстайды. Қазақстанның еркін күрестен бұрынғы чемпионы 2010 жылдан бері қарақшылық шабуылы үшін жазасын өтеп жатыр. Ол өзіне кәсіпқой карта ойыншыларынан көмекші тағайындап алған. Заңсыз ойын 11 ай бойы жалғасады.

Түрмедегілердің ұтылыс қарызын сырттағы туыстары төлеп келген. Содан ол ақша Ресейге аударылады. Арнайы қызметкерлер 30 мың АҚШ долларының ізін тауып отыр. Одан кейін қылмыстық қауымдастықтың мүшелері ұсталды. Сот айыптыларды трансұлттық топ құрды деп тауып, 12-ден 16 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасын тағайындайды. Ал айыптылардың адвокаттары қарсы шағым жасаймыз деп отыр. Олар түрмедегілердің карта ойнағаны рас, дегенмен, олардың Ташкенттік Жорамен байланысы жоқ дейді.

Сот өкілдерінің мәліметінше, ақша аударылған мәскеулік есеп-шоттың иесіне қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Ол іс бөлек қаралуда.