Жарын күткеніне 74 жыл өтті

Зәкила Медетбек

Сұрапыл соғыс кезінде ауыл тұрғындары үшін аса ауыр қасіреттің бірі – майданнан келетін «қара қағаз» еді. Майданда жүрген бауыр еті балалары, сүйікті жарларының қазасын естірткен суық хабар бүкіл ауылды күңірентіп қоя беретін. Ал «қара қағаз» алмағандар майдан даласынан қандай да бір жақсы хабар болып қалар деген үкілі үмітін үзбеген. Ордабасы ауданының тұрғыны Зәкила Медетбек – үміті үзілмеген сондай жандардың бірі.

Зәкила Медетбек
Зәкила Медетбек

 

Зәкила әжейдің жолдасы Мұстафа Медетбек 1941 жылы майдан даласына аттанған. Содан хабарсыз кеткен. Арада 74 жыл өтсе де 94 жастағы кейуана әрбір таңды күдікпен емес, «жан жарым келіп қалар» деген үмітпен қарсы алады екен.

– Белшемізден бейнет кешумен жастық шағымызды өткіздік. Жалғыз баламды қоржынға салып алып колхозда күн-түн көз ілмей тырбанып еңбек еттім. Жасыратыны жоқ, кезінде небір жайсаң жігіттер қолқа да салған, бірақ мен екінші мәрте тұрмысқа шықпадым. Себебі, күйеуім жайлы қандай да бір хабар келіп қала ма деп үміттеніп келемін, – дейді өткен күнін есіне алған кейіпкеріміз.

24 жасында күйеуін майдан даласына аттандырған Зәкила Мұстафадан қалған жалғыз баласын аяққа тік тұрғызу үшін күлкісіз, ұйқысыз ғұмыр кешеді. Күн демей, түн демей, мал бағып, соқамен жер жыртады. Трактор айдап ауыл шаруашылығының сан алуан салаларында еңбек етеді. Алайда, қатал тағдыр Зәкиланың маңдайынан сыйпай қойған жоқ. Бейнетінің зейнетін көретін шағында тағы да тағдырдың тоқпағына түседі. Жалғыз ұлы 40 жасында мәңгілік сапарға мезгілсіз кете барды. Жан-жүрегін езгілеп, қабырғасын қайыстырған осы бір қайғыға қасқая қарсы тұрған Зәкила әжей қалған өмірін жалғыз ұлының артында қалған 8 немересіне арнайды.

– Өмір деген осы. Өлім біреуге ерте, біреуге кеш келеді екен. Жастайымнан жесір қалдым. Ұлым үшін тыраштанып, сол үшін өмір сүрдім. Ал, қазір немерелерім деп, солардың тілеуін тілеумен келемін.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ерінен айырылып, екінші мәрте тұрмыс құрмай, бейнет кешіп жүрген Зәкила сияқты аналарды қалай құрметтесек те жарасады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №10, 11.03.2015