Шымкент қаласының жастары «Даңқ» саябағында «Тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеу» акциясын ұйымдастырып, тұрғындарды қоғамдық тыныштық пен тазалық мәселесінде мұқият болуға шақырды.
Акцияның мақсаты – халық арасында тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру, азаматтардың құқықтық танымы мен құқықтық мәдениетін көтеру. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысып, сөз сөйледі.
— «Біз ұсақ-түйек құқық бұзушылықтарға, бұзақылыққа, мәдениетсіздікке төзбеуге тиіспіз. Себебі, бұл әрекеттер қоғамдық тыныштықты бұзады, өмір сүру сапасын төмендетеді» деген Елбасы Н.Назарбаевтың барша қазақстандықтарға арнаған қағидалы үндеуі қай-қайсымыздың да қоғам алдындағы жауапкершілігімізді еселей түсуге міндеттейді. Осы орайда бүгінгі акцияның қала тұрғындарына ой сала отырып, жас буынды мәдениеттілікке, жан тазалығына ерекше мән беруге ықпал етері анық, — деп атап өтті Қайрат Ырзақұлұлы.
Сонымен қатар сөз сөйлеген Әл Фараби ауданының прокуроры Х.Маматаев, Әл Фараби полиция бөлімінің басшысы Н.Жалғасов қала аумағында жүргізіліп жатқан ұсақ бұзақылыққа қарсы күрестің нәтижелеріне де тоқталды.
Соңы концерттік бағдарламамен өрілген шара барысында жастар қала тұрғындарының экологиялық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылықтарға бармауға шақырды.
Дереккөз: Жеңісбек Серікұлы