Жауапты мамандар: «Оңтүстікке судан қауіп төніп тұрған жоқ»

450

Сырдарияға жақын орналасқан Шардара, Арыс, Түркістан, Отырар ауданына судан келетін қауіп жоқ. Бірақ, су қоймалар толып қалды. Осыны ескерген маманмар қоймаға жиналған суды сыртқа ағызу жұмыстарына кірісіп жатыр. Халыққа кедергісі тимейді, тек тоғайдағы түлігін айдап кетсе болды дейді төтенше жағдай қызметкерлері.

Оңтүстікте 41 су қоймасы бар. Оның 14-і коммуналдық меншікте, 20-сы республиканың балансында болса, тағы жетеуі жекенің қолында. Су тасқынының алдын алу мақсатында өткен жиында олардың жай-күйі айтылды. Көктемгі нөсерлі жауынға төтеп бере алатын мүмкіндіктері мен сыйымдылығы сөз болды. Таулы аймақтардағы қауіпсіздікті қатаң қадағалау тапсырылды.

Жауапты мамандар: "Оңтүстікке судан қауіп төніп тұрған жоқ"

Су тасқынының алдын алу жұмыстары бойынша облыстық төтенше жағдай департаментінің бөлім бастығы Ерғали Бахаев баяндама жасады. Әр аудан-қаладағы шағын көпір мен өткелдер және каналдар мен өзендердің жағдайын жіпке тізгендей айтып шықты. Маманның айтуынша, Сайрам, Қазығұрт, Отырар аудандарындағы өткелдердің, су қоймаларының жағдайы сын көтермейді. Жауаптылар тек арық-атызды тазаладық деген мәліметтен аса алмады, ал күрделі жөндеуден өткізуге аудан бюджеті көтермейді деп ақталды.

Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Бюджетті жоспарлаған кезде неге осындай мәселелерді көтермейсіздер? Бәрің облысқа қарап отыра бермей, қордағы қаржыға жөндетпейсіздер ме? Көпір, канал, су қоймаларды әкімшілік жөндеп береді деп мойнымызға алмағанбыз. Сіздер өздеріңіз жыл сайын жоспарлаңыздар. Биыл мына жерді жөндейік, келер жылы тағы басқа дегендей. Ертең төтенше жағдай орын ала қалса, бірінші болып аудан әкімдері жауап береді».

Жауапты мамандар: "Оңтүстікке судан қауіп төніп тұрған жоқ"

Төтенше жағдай қызметкерлері судан төніп тұрған қауіп жоқ екенін айтқанымен, Көксарай және Шардара су қоймаларының лық толып тұрғанын жасырмады.

Енді бірер күнде қоймалардағы су далаға жіберіледі. Ал ол Сырдарияның арнасынан асуына алып келуі мүмкін. Бірақ, халықа кедергісі тимейді, тек тоғайлардағы түлігін айдап кетсе болғаны дейді мамандар. Бүгінгі таңда тұрғындарды құлақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Ерғали Бахаев, ОҚО ТЖД бөлім басшысы: «Су деңгейі Сырдария өзенінде көтеріліп, жағалауларын басады. Ол — табиғи құбылыс. Жағалаулары арнасынан шығып, осындай оқиғалар болады. Ол бізге ешқандай қауіп әкелмейді».

Құлақтандыру демекші, облыстағы 41 су қоймасының тек біреуінде ғана құлақтандыру құрылғысы бар екен. Бұл төтенше жағдай орын алғанда аса қажетті құрал. Жақын маңдағы ауыл-аймақты аман алып қалудың бірінші көмекшісі дейді мамандар. Бір ғана мысал, үстіміздегі жылдың ақпан айында Түркістандағы Сасықбұлақ су қоймасы тасып, үш мың адамға қауіп төнген.

Батырғали Сопбеков, ОҚО ТЖД бастығының орынбасары: «Себебі халықты құлақтандыратын құрылғы болмаған. Дабыл қаққыш та жоқ. Түн ортасында халық су астында қалар еді. Қайта абырой болып, «Қазсушар» мекемесінің мамандары жауып үлгерді».

Расында да төтенше жағдай қызметкерлерінің дабыл қағатын жөні бар. Өйткені, алда көктемнің нөсерлі-жаңбырлы күндері көп. Осыны ескерген облыс әкімінің орынбасары арық-атыз, канал-өзен, көлдерді қатаң қадағалауды тапсырды. Ал төтенше жағдай департаментінің мамандары «Қазсушар» және «Қазгидромет», «Қазселденқорғау» мекемелерінен күнделікті мәлімет алып, мониторинг жүргізіп отырады.