Әз Наурыз мерекесін тойлауды қолына қалам ұстаған тілшілер қауымы да ұмыт қалдырмады. 26 наурыз күні қаламыздағы мейрамханалардың бірінде бас қосқан жорналшылар бабалар рухына дұға арнап, Құран бағыштады. Ақ түйенің қарны жарылған тойда облысымыздағы БАҚ өкілері өзара мерекелік сайыстар ұйымдастырды.
Бірінші айналымда әрбір ұжым алдын ала әзірлеген Наурыз көжесін ұсынды. Оның құрамы мен дайындалу жолын таныстырды. Ал үміткерлердің бағасын қаламгер Мархабат Байғұт бастаған қазылар алқасы таразылап отырды. Екінші кезеңде тілшілер арасындағы өнерпаздар анықталды. Халық өнері — айтыс та Наурыз мейрамының ажарын ашты.
Мархабат Байғұт, жазушы, қазылар алқасының төрағасы: «Қоғам, ел, ұлт, халықтың ынтымағы мен бірлігі үшін зиялы қауым мен журналистердің орны ерекше. Олар қоғамды тәрбилейді, бағыт-бағдар нұсқайды. халық оларға қарап бой түзейді. Ал бүгінгі мереке сол жақсы ұғымдардың бастамашысы. Ең бастысы, қазіргі уақытта тілшілер, яғни, журналистер қауымы бұл артылған жүкті сезінуі керек деп олаймын, бүгінгі шараға да тәнті болып отырмын. Соңғы 15 жылда алғаш рет өтіп отырған Наурыз мерекелік шараларын қолдаймын!»
Жанына қаламын серік еткен әріптестер арасында «Наурызға ақ бата» атты айналым да болды. Өнер бәсекесінде әрбір ұжым үздік бата берудің үлгілерін ұсынды. Осылайша төртінші билік өкілдері жыл басын ақ ниетпен бастады. Ал өнер байқауының жеңімпаздары облыстық журналистер одағы тарапынан тағайындалған арнайы диплом және алғыс хаттармен марапатталды.