«Отырар TV» телеарнасының «Бізде қонақта» тұрақты айдарының кезекті қонағы – облыстық ішкі істер департаментіндегі әкімшілік полиция басқармасының қару айналымын бақылау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жанбаев.

006

– Нұрсұлтан Бақтыбайұлы, бүгінгі тақырыбымыз қаруды тапсыру, оны сақтау ережелері турасында болмақ. Өзіңіз қаруды жиі қолданасыз ба?

-Жиі қолдана бермеймін. Өйткені мен аңшы емеспін. Қызмет барысында керек болған жағдайда ғана қолданамын. Қызметтік қарудың түрлері мүлдем басқа. Олар – тәлімдік қарулар.

-Қаруды тапсыру ережесі турасында айтып берсеңіз.

-Соңғы жылдары Үкімет тарапынан қылмыстық істі азайту үшін көптеген шаралар қолдануда. Атап айтатын болсақ, соңғы үш жылда заңсыз айналымдағы қаруларды өтемақымен тапсыру акциялары жүріп жатыр. Ол акцияның мақсаты – заңсыз айналымдағы қаруларды тәркілеу. Өздеріңізде естіп жатырсыздар, мектептерде, көшелерде қару арқылы жасалынған қылмыстық істер көптеп кездеседі. Соны болдырмау керек. Қылмыста қолданылған қарудың қалай болғанын анықтау қажет. Тергеу барысында қарулардың көбі Кеңес үкіметі кезінде тіркелмеген қарулар екені расталады. Міне, осы қарулар тапсырылса, қылмыстық іс азаяры сөзсіз. Соңғы 3 жылда азаматтар төрт мыңнан аса қаруды өз еркімен тапсырды. Ал, қаңтар айынан бастап жүргізіліп жатқан акцияда жарақат салатын қаруларды өтеммен тапсыруға болады. Облыста 2970 жарақат салатын қару тіркелген. Бұл қарулар, бұйрыққа сәйкес, азаматтық айналымнан қызметтік айналымға, мысалы, күзет агенттігі сынды заңды тұлғаларға берілуде.

-Заңсыз қолданыстағы қаруды азаматтар тауып алған жағдайда оны тапсырғысы келсе, оларға жаза қолданыла ма?

– Осы тұста көптеген азаматтарымыз шатасып жатады. Қаруды өз еркімен әкелсе, жаза қолданылмайды. Егер ол азамат қаруды уақтылы тапсырмай, қылмыстық іс жасалса, міндетті түрде жаза бар.

-Қаруды тапсырудың нәтижесі қалай? Нақтырақ айтсақ, қарумен жасалған қылмыстық істер азайды ма?

– 2013 жыл мен 2014 жылды салыстырғанда қарудың көмегімен жасалған қылмыстық істер 48 пайызға төмендеген. Ал 2012 жыл мен 2013 жылды салыстырғанда 38 пайызға төмендеген. Бұл – біз үшін өте жоғары нәтиже. Ал биыл жыл басынан бері бізге 1593 дана қару тапсырылды.

-Көрермен сұрағына кезекті берсек. Мен аңшылыққа мылтық сатып алсам деген едім. Осыған рұқсатты қайдан аламын және қандай құжат керек?

– Аңшы мылтығын алу үшін аңшылық қоғамға барып, аңшы ертінде есепке тұруыңыз керек. Ол жерде сізге билет береді. Осы билет арқылы өзіңіздің тұрақты мекенжайыңыз бойынша ішкі істер органына тіркелесіз. Сізге ол жақтан қандай құжаттар керек екенін көрсетеді. Керек құжаттар дайын болған соң заңдылық жағынан тексеріліп, рұқсат беріледі.

-Аңшылар қолданатын қаруды сақтауға дабыл жүйесі енгізілген екен. Бұл дабыл сіздерге қалай беріледі?

– Қаруға рұқсат берілгенде нақты бір тұлғаның атына беріледі. Қаруды ұрлаудың алдын алу мақсатында қалалық жерлерде тұратын азаматтар дабыл жүйесін қоюға міндетті. Дабыл жүйесінің түрлері көп. Олар автономды, пульттік болып кете береді. Азаматтар қаруды сақтайтын сейфке дабыл жүйесін орнатады. Дәл осы дабыл жүйесімен байланыста болатын тағы бір дабыл жүйесін өзінің ұялы телефонына қояды немесе тұрақты мекенжайда қызмет ететін аумақтық полиция қызметкерлеріне бекітіп қойса да болады. Орнатылған дабыл жүйелері бір-бірімен байланыста болады.

– Сіздерде жұмыс барысында үйінде қаруы бар адамдардың кішкентай балалары қаруды абайсызда пайдаланып, соңы қайғылы жағдайға апаратын сәттер болды ма?

-Әрине, ондай жағдайлар кездеседі. Сол үшін қаруды тапсыру акциясы қолға алынған. Барлық азаматтарға айтарым – қаруды уақытылы тапсырып, орын алатын қылмысты алдын алсақ!

– Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет! Сау болыңыз!

Лаура Мамырова