Қазақстанда құрастырылатын көліктерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру сәуір айының соңғы онкүндігінде бастауын алмақ. Әзірге бұл – жоспар. Негізі, уәкілетті тұлғалардың мәлімдемесінде бұл шара сәуір айынан басталуы тиіс болатын.
Онсыз да аяғынан тік тұрып үлгермеген Қазақстанның көлік жасау саласы осы жылдың басында тоқырауға ұшырай жаздады. Ресей рублінің девальвацияға ұшырауы отандық көлік нарығын қатты састырды. Көлігін жаңартқысы келген біздің жұрт жаппай солтүстік көршіге ағылды.
Рубльдің күрт құнсыздануынан туындаған АҚШ доллары бағамының айырмасы есебінен ондағы темір тұлпар құны Қазақстан нарығымен салыстырғанда 5 мыңнан 20 мың АҚШ долларына дейін арзандады. Салдарынан, қазақстандық көлік нарығы 2015 жылдың 1 қаңтарында оның алдындағы аймен салыстырғанда 40,42% пайызға төмендеп кетті. «АЗИЯ АВТО» АҚ-президенті Ерік Сағымбаев келтірген дерек бойынша, соңғы екі айда қазақ жеріне Ресейден 74 мың көлік әкелінген.
Бұл — Қазақстанға келген көлік импортының 84 % құрайды. Көршіден көлік сатып алу арқылы қазақстандықтар өздерінің қыруар қаржысын сол елде қалдырып кетіп жатыр деген сөз. Көрнекілік үшін көрсете кетейін, Қазақстандағы ақша айырбастау орындарында бір ғана ақпан айында тұрғындар 84 миллиард теңгені рубльге айырбастаған.
Оның басым бөлігі Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Еуразиялық одаққа мүше елдер өзара алыс-беріс үшін шекарасын айқара ашқан алғашқы күндері Қазақ жерінің тек солтүстік аймақтары ресейлік көліктерге «құда түсуге» құмартса, енді бұл үрдіс елдің түстігіне де жеткенін аңғару қиын емес.
Экономикалық сөздік:
Девальва́ция (лат.de – төмендеу. valeo – құны, бағасы) – ақша құнын қалыптастыруда оның негізі саналатын алтын үлесін азайту, төмендету. Қазіргі уақытта бұл термин ұлттық валюта құнын ресми арзандату мағынасында қолданылады.
Қазақстаннан «қаржының ағып кетуін» болдырмау және отандық көлік өндірісін қолдау мақсатында Үкімет Қазақстанда жасалатын автоларды сатып алушыларға жеңілдетілген несие беру бағдарламасын қолға алды. Оған мемлекет қазынадан 20 миллиард теңге бөліп отыр. Оның 15 миллиарды жеке тұлғаларға арналған несиені субсидиялауға бағытталса, қалған 5 миллиардына корпоративті клиенттердің коммерциялық техниканы лизингке алуын қаржыландыру көзделген.
Негізгі сыйақы мөлшерлемесіне сақтандыру мен қосымша төлемдерді қоса есептегенде тұтынушы көлікті шамамен 7,5 пайыздық несиемен алуына мүмкіндік пайда болмақ. Екінші деңгейдегі кей банктердің темір тұлпар сатып алуды несиелендіру ставкасы 12 мен 22 пайыз аралығында екенін ескеретін болсақ, мемлекет ұсынып отырған автонесиенің пайызы едәуір төмен. Орайы келгенде атайық, дәл осы екінші деңгейдегі банктердің көлік сатып алуды несиелендіру ставкасын өсіріп жіберуін отандық көліктердің сатылуына кері әсерін тигізген бір фактор ретінде атауға болады.
Қоса кететін бір жәйт, жеңілдетілген несиемен сатып алынатын көлік Қазақстанда жасалған болуы керек және оның бағасы 5 600 000 теңгеден (30 мың АҚШ долларынан) аспауы тиіс. Осы сөзімнен сарапшылар ілік іздемесі үшін нақтылай кетейін. Қазақстанда көлік жасалмайды, бізде темір тұлпарлар құрастырылады. Ал оның қосалқы бөлшектері елімізге сырттан келеді. Қазақстандық авто бағасының ресейден қымбат болуын да мамандар осымен түсіндіреді.
Естеріңізде болса, 2014-ші жылдың соңында саудасы сиреп қалған елдегі автосалондар көлік бағысын $30 мыңға дейін төмендеткені бар. Бұл ел арасында сан қилы әңгіменің өршуіне себеп болды. Автодиллерлердің отандық көлікті үш есе қымбат бағамен сататынын Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков те тілге тиек етті. «Өкінішке орай, біздің сатушылар бағаны бірден 300 % ға қымбаттатуға дағдыланып алған. Сөйтеді де, жыл соңында 70%-дық жеңілдік жариялайды.
Мәселен, «Ниссан» автосалондардағы бағаны 30% ға арзандатты. Сонда да аз табыс тауып отырған жоқ. Сондықтан, делдалдарға құлқынын құрықтау керек»,-деген мәжілісмен үкіметтің отандық көлік жасаушыларды қолдауды кешіктіріп алғанын айтты. Егер осы шаралар өткен күзде басталғанда «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болар еді.
Сонымен, жоғарыда аталған бағдарлама аясында 6 мың отандық көлік саудаланады деген болжам бар. «Бұл несиелер 20-сәуірден бастап беріле бастайды», – деп мәлімдеді Қазақстан автобизнесі ассоциациясының басшысы Андрей Лаврентьев. Оның айтуынша қазір құжаттардың соңғы легі пысықталып жатыр. Осы апта ішінде бағдарламаға қажетті құжаттарға қол қойылып, ол бойынша жұмыс жүргізіле бастайды.
«Құдайды күлдіргің келсе жоспарыңды айт» деген бар. Бұл қалжыңның еске түсіп отырған себебі: отандық көлікті сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы сәуір айының басында іске қосылуы тиіс болатын. Алайда, бағдарлама үйлестірушісі мен банк-тер арасында қосымша құн салығы төңірегінде туындаған келіспеушіліктен кешеуілдеді.
Марат Құсайынов, Ұлттық экономика министрінің бiрiншi орынбасары:
– Несие түпкі алушыларға (көлікті автосалондардан сатып алатын қатардағы азаматтар-авт.) 4 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерімен 5 жылға дейінгі мерзімге берілетін болады. Сондай-ақ, екінші деңгейдегі банктер мен оларға бөлінетін қаражат көлемі және қолдау көрсетілетін отандық автомобиль өндірушілердің тізімі Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясымен айқындалады. Ал лизингтік қаржыландыру «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы ауыл шаруашылық техниканы қоспағанда, автокөлік құралдары мен арнайы мақсаттағы автотехниканы отандық автоөндірушілерден сатып алып, кейіннен оны лизингке ұсынады. Лизингтік қаржыландыру жеке және заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге 4 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерімен 3-5 жылға дейінгі мерзімге берілетін болады,«Қазақстан даму банкі» АҚ 15 млрд. теңге көлеміндегі Ұлттық Қор қаражатын екінші деңгейлі банк-терде орналастырып, кейіннен бұл қаражат жеке және заңды тұлғаларды, жеке кәсіпкерлерді автонесиелендіруге бағытталады.
Бұл отандық тауар өндірушіні қолдаудың мемлекет қолға алып отырған бір ғана бағыты. Бұдан бөлек елімізде шет елден көлік әкелумен айналысатын алып-сатарларды лицензиялау мәселесі де айтылып жүр. Көлік импорттаумен айналысатын тұлғаларды лицензиялау шеткеу енгізуді көздеп отырған жоқ. Мамандар бұл шараның елімізге әкелініп жатқан темір тұлпарлардың сапасы мен бағасына бақылау жасауға мүмкіндік берерінен үмітті. Сол арқылы көлік бағасын Ресей және тұтас ЕАЭО аумағындағы бағамен сәйкестердіру тетігіне айналдырмақ. Лицензиялау өзі қолдану үшін көлік алып келетін жеке тұлғаларға кесірін тигізбейді деп сендіріп отыр білетіндер.
Бекжігіт Мәуленов
«Оңтүстік Рабат», №15, 15.04.2015