Қоқыстан көз ашпаған қалам-ай…

«Жаңа шаһар» аумағы

«Оңтүстік Рабат» газеті «Шаһар шаруашылығы» айдарымен қаланың коммуналдық, құрылыс, әлеуметтік мәселесін фоторепартаж тұрғысында көтеруді жалғастыра бермек. Өткен нөмірлерде қала көшелерінің ойдым-ойдым тұстарын тізбектедік, сонымен бірге балаларға арналған ойын алаңшалары да назарымыздан тыс қалмаған. Енді қоқыстардың бей-берекет шашылып жатуын сөз етпекпіз. Аяғымыздың астында қоқыстың шашылып жатуына кім кінәлі деп ойлайсыз? Ой қоса отырыңыз…

18 шағынауданы
18-шағынаудан
8-шағынауданы
8-шағынаудан

Қар кетіп, жер қарайып еді, күл-қоқыстың барлығы көрінді де қалды. Шымкенттің орталық көшелері ретке келгенімен, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы тағам қалдықтары мен тұрмыстық қоқыстан әл-әзір тазарған жоқ. Кім кінәлі? Әрине, бірінші кезекте сол қоқысты арнайы орынға апарып тастамайтын кей тұрғындардың мәдениетінің төмендігі осындай келеңсіздікке ұрындырып отыр.

Клара Мұратова, қала тұрғыны:

– Біздің тұрғын үйдің қоқыс жәшігінің бос тұрған кезін көрмейсің. Қашан қарасаң да қоқыс толып жатады. Күн жылығалы қасынан өте де алмайсың.  Иісі қолқаны қабады. Сондықтан да кейбір тұрғындар қасына бармай, жан-жағына қойып кетуге мәжбүр.

14-014

Таңертең жұмысқа бара жатып, әдеттегідей үйдегі қоқысты өзіммен бірге ала шыққанмын. Ауланың келесі жақ бетіндегі қаңқиған қоқыс контейнеріне жақындай бергенім сол еді, көрші подъезден шыққан жас жігіт қолындағы қоқыс толы пакетті  құлаштай лақтырды да, кете барды. «Неге лақтырасың? Жеткізіп, ішіне салып кетпейсің бе?» – дегенім сол, «өз ақылым өзіме жетеді» деді де жүре берді.

Сапаркүл ҚУАНДЫҚОВА, «СпецАвто-Транспорт» ЖШС-нің басшысы:

– Біздің мекеменің жұмысшылары күніне екі рет Абай және Еңбекші аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы коммуналдық қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарады. Алайда, біздің кейбір тұрғындар әлі де қала мәдениетін білмейтін сыңайлы. Себебі, олар қоқысты үйдің ауласында тұрған қоқыс шәшігіне емес, сыртына тастайды. Бұл жайында үй төрайымдарына айтып, тұрғындармен де жұмыс жүргіземіз. Алайда, әзірше нәтиже шамалы болып тұр. 

14-015

Рас, қазір адамдардың бәрі ақылды. Ешкім де басқа біреудің айтқанын құлағына да ілгісі келмейді. «Мынауыңыз дұрыс емес…» деп көріңізші, бірден алқымыңыздан алады. Бірақ, сол бәріне жеткілікті ақылдың неге мәдениетпен үйлеспей, санамен санаспайтыны түсініксіз? Қоқысты тиесілі орнына апарып тастауға келгенде сол ақылдың қысқалық қылатыны қынжылтады.

«Жаңа шаһар» аумағы
«Жаңа шаһар» аумағы
«Төменгі Отырар» шағынауданы
«Төменгі Отырар» шағынауданы

Бүгінде Шымқаланың тазалығына жауап беретін 6 мекеме бар. Оның үшеуі («Спецавтотранспорт» ЖШС, «Орион. Жаңа технологиялар» ЖШС және «ЭкоСпецТранс» ЖШС) көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы коммуналдық және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысса, қалған үш мекеме («ЛТД Тұрмыс» ЖШС, «ЮгДорСервис» ЖШС және «Бәйтерек» ЖШС) орталық көшелерді сыпырып-тазартады. Ондағы мамандар «қаланың көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларын таза сақтау үшін күні-түні аянбай еңбек етеміз», – деп отыр. Таң атпастан көшелерді сыпырып, аулалардағы күл-қоқысты шығарып жатқанын да талай көріп жүрміз. Алайда, таңертең жиналған жер түс қайта қоқып жатады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын әрбір қала тұрғыны үйінен шамамен 250-300 кг тұрмыстық қоқыс шығарады екен. Оған көліктен қоқыс тастай салатындарды немесе үйінен алып шыққан бір қалта қоқысты тиісті жерге тастаудың өзіне ерінетіндерді қосыңыз. Осы ретте, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарластық. Мақсатымыз қаланың тазалығы қашан ретке келетінін, ол үшін қандай шаралар қолға алынғанын білу болатын. Бөлім басшысы Нұржігіт Әбдірахмановтың айтуынша, қала көшелері мен аулалар күнделікті тазаланады. Ол үшін жергілікті қазынадан қаржы да бөлінген. Алайда, халықтың тазалық мәдениеті жоғарыламай, ешнәрсе өзгермейді дейді маман.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №14, 08.04.2015