Шымкентте Қазақстан ұлттық театрларының республикалық фестивалі мәресіне жетті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған байқауға еліміздің бірегей 6 театры жолдама алып, өнерлерін сарапқа салған болатын. Сайыста біздің облыстың намысын Ж.Шанин атындағы Қазақ академиялық драма театры, облыстық орыс және және өзбек драма театрлары қорғады.
Фестиваль әдеттегідей марапаттаудан емес, әзіл-сықақ театрының тосын қойылымынан бастау алды. Ұжым қатысушылардың сайысқа ұсынған еңбектері мен ондағы кейіпкерлерді әзілдеріне арқау етті. Комедиялық туындыдан өңіріміздегі өнер ошақтарының жұртшылыққа жауыр болған қойылымдары да шет қалмады.
Сонымен, ұлттық театрлардың республикалық фестивалі мәресіне жетті. «Үздік спектакль» номинациясына 500 мың теңге қаржылай сыйақы тағайындалған. Мәртебелі жүлдені республикалық мемлекеттік кәріс музыкалық комедия театрының ұжымы қаламгер Жұмагүл Солтиеваның «Әйел махаббаты» қойылымымен жеңіп алды.
Наталья Ли, республикалық мемлекеттік кәріс музыкалық комедия театрыны әртісі: «Фестивальде үздік танылғанымызға біз өте қуанышытымыз. Әрине, бұл жеңіс — біздің спектакль, біздің айтар ойымыз көрерменнің жүрегіне жетті деген сөз. Кәріс театрының өзге ұжымдардан ерекшелігі сол — бізде дыбыс, жарық, техника — барлығы да жаңа тәсілмен қолданылады.»
«Үздік әйел бейнесі» номинациясын мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының әртісі Сахира Шәріпова еншіледі. Ал «Үздік ер адам бейнесін» сомдағаны үшін дәл осы театрдың әртісі Халмұрад Мұнаров марапатталды. «Үздік режиссерлік шешім» номинациясын республикалық неміс драма театрының 24 жылдық тәжірибесі бар қоюшы-режиссері Наталя Дубс иемденді.
Наталя Дубс: «Өте қуаныштымын! Бұл — менің ғана емес, ұжымның да жетістігі деп білемін. Қойылымды сахналауда ең қиын болғаны — Қазақстанда неміс тілін меңгергендер аз, сондықтан іс-қимыл арқылы оқиға желісін түсіндіру қажет болды. Қойвлымның қалыбын ойлап табу да оңайға түскен жоқ, себебі, адамның жан-дүниесі мен ондағы күйзеліс, ақыл — барлығы шығармадан табылуы қажет екенін жақсы білдім.»
Біздің жерлестеріміз де марапаттан шет қалдады. «Тарихи тақырыпты меңгергені үшін» атты номинацияны өзбек драма театры иемденді. Ал «Қазақ драматургиясын меңгергені үшін» марапат облыстық орыс драма театрына берілді. «Өзекті тақырыпты қамтығаны үшін» Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрына жүлде табысталды. Дегенмен, қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов Оңтүстіктегі театрларды сынға алды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HnoAvNW16aE[/youtube]
Асанәлі Әшімов: «Шымкенттегі театрларда режиссура жоқ, бұл — шындық! Басшылық мұнымен жұмыс жасамайды. Басшылар осыған жауапты болса екен. Себебі, театрды өсіріп, өшіретін де — солар. Театр әртістері талантты, бірақ режиссерлық жоқ болғандықтан, өкінішке орай, деңгейлері төмен болып тұр. Маған кәріс, ұйғыр театрларының өнері ұнады.»
Енді ұлттық театрлар арасындағы келесі байқау 2016 жылы Астана қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.