Алаш базарында кезекті рет өрт шықты. Тілсіз жауды төтеншеліктер бірден ауыздықтады. Бұл – жай ғана оқу-жаттығу жұмыстары болатын. Алдын ала жоспар бойынша өрт сөндірушілер базар аумағында орналасқан қоймадан шыққан өртті өшірулері тиіс. Жаттығуды департамент басшылары бақылап тұрды.

002

Алаш сауда орталығында 70 қойма, 66 дүңгіршек, 1000 жайма сауда қатары бар. Бұл базарда соңғы өрт оқиғасы 2014 жылдың желтоқсанында тіркелген. Оған дейін де осында екі рет өрт сөндірушілер тілсіз жаумен арпалысқан болатын. Оны базар басшылары да мойындап отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=dL5qahfqyVs[/youtube]

Төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің жаттығуды ірі сауда орталығында өткізуінің себебі баршаға айқын. Соңғы кездері базарда жиілеп кеткен орт оқиғалары көпшіліктің жағасын ұстатып отыр. Жақында ғана Түркістан қаласындағы орталық базардан өрт шығып, 700-дей сатушысы нәпақасынан айрылған еді. Мұндай оқиға бұған дейін Шымкентте де орын алғаны белгілі.

001

Өткен жылы кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий салдарынан сауда орындары қадағалаусыз қалған. Бұл жауаптылардың жолын байлап тастаған болатын. Жеңілдік жойылғалы бері базар басшылары заңды орындауға міндетті. Яғни, өрт қауіпсіздігін сақтаулары тиіс.

Осыған сәйкес адамдар көп жиналатын орындарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылауды күшейту мақсатында оқу-жаттығу осы «Алаш» базарында өтті.

003

Мұнда шартты түрде халық тұтынатын тауарлар қоймасында қысқа тұйықталудың салдарынан өрт тұтанады. Өртті ауыздықтауға облыстық төтенше жағдай департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің 60 қызметкері мен 9 дана техникасы, «Жедел құтқару жасағы» мен «Апаттар медицинасы орталы» мекемесінің облыстық филиалының қызметкерлері жұмылдырылады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – адам және материалдық шығынмен байланысты қайғылы жағдайлар мен өрттің алдын алу. Сондай-ақ жаттығу барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша күзет ұйымдарының іс-әрекеттері алгоритмі бойынша түсіндірме және тұтынушылар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Еске сала кетейік, мұнда соңғы өрт оқиғасы 2014 жылы орын алып, жалпы сомасы 6 600 000 теңгені құрайтын материалдық шығын келген болатын.