Қарағандылықтарға Оңтүстік халқы да көмек қолын созуда

Бүгіннен бастап Шымкентте Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде тұрмысқа қажетті заттарды жинау басталды. Бұл акцияға қатысамын, көмек қолымды созамын деушілерге шектеу қойылмайды дейді ұйымдастырып отырған жастар орталығының жетекшілері.

Отандастарының қиын-қыстау кездегі жағдайларына бей-жай қарай алмаған қайырымды жандар таңғы сағат 9-дан бастап Халықтар достығы үйіне жинала бастады. Тұрғындар ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсеніштер мен азық-түлік заттарын әкелуде. Балаларға арналған ойыншықтер мен аяқ киімдер де бар.

Акцияның өтуі туралы тұрғындарға БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы хабарландырылуда. Ұйымдастырушы Жастар орталығы жетекшілерінің айтуынша, қарағандылықтарға көмек қолын созғысы келетіндер өте көп. Түрлі мекемелер де қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда.

Іс-шараға жастар ұйымдары мен еріктілер тобының мүшелері де қатысуда. Олар жиналған заттарды реттеп, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Ал ЖОО құрылыс факультетінің студенттері Қарағандыға барып, көмек қолын созуға дайын.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=UagQJKUFGk4[/youtube]

Жиналған заттар Қарағанды облысына 20 сәуір күні сағат 12:00-де жіберіледі. Оған дейін көмектесемін деушілер бұрынғы Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйі, қазіргі Жастар орталығы ғимаратына келуге болады.

Қоғам белсенділері қалалықтардан ыдыс-аяқ, киім, төсеніштер мен азық-түлік заттарын жинауға әзір. Акцияға «Отырар» медиахолдингінің қызметкерлері де өз үлесін қосты.