13 сәуір — халықаралық «Физули» сыйлығының иегері, өмірі өлеңге айналған ақын Әбілда Аймақтың туған күні. Осыған орай қалың оқырманы қаламгерді еске алды. Әдеби шараға жиналған ақынның үзеңгілес достары-қаламдастары, туыстары мен оқырмандары естеліктер айтып, жырларын оқыды.
Жас буын ақындар арнау өлеңдерін ұсынды. Әбілда Аймақпен 38 жыл отандасқан жары Озипа Құралованың айтуынша, ақынның соңғы арманы орындалмай кетіпті.
Озипа Құралова, марқұм Ә.Аймақтың зайыбы: «Өзі өмір бойы кітап шығаратын баспахана ашуды армандады, кітапхана ашуды армандады, бірақ ол орындалмады, мұны армандап өмірден өтіп кетті. Өмірінің соңғы сәттерінде 2-3 томдық кітабін жарыққа шығармақ болды, бірақ оның барлығы да болмады, кітап шықпады. Барлығын дайындап, жинақтап қойып еді. Үйдегі компьютерде қаншама өлеңдері қалып кетті — олар да жарық көрмеді».
Еске салайық, 18 жасынан өлеңге қалам тартқан Әбілда Аймақ 22 жыл бойы облысымыздағы жазушылар одағын басқарды. Талай шәкірт тәрбиеледі. Бүгінге дейін оқырманындарына 17 бірдей кітап сыйлап үлгерген ақын 60 жасында, 2015 жылдың 15 ақпаны күні өмірден озды.