467 адамда «Алтын қор» сертификаты бар

Мемлекеттік қызметкер болғың келеді ме? Онда ОҚО әкімі аппараты жанындағы мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығына бар. Мұнда «Алтын қор» кадрлар резервінің қатарына қабылдау үшін оқыту курсы  өткізіліп тұрады.

Таяуда Шымкент және Түркістан қаласындағы ЖОО-ның 36 студенті осы орталықта семинарға қатысты. Олардың барлығы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының соңғы курсында оқиды. Әр жоғары оқу орны мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге лайық талантты студенттерін осында семинарға жібереді. Іріктеуде студенттің сабақ үлгеріміне ғана емес, қоғамдық жұмысқа белсенді араласуына да мән беріледі.

14-008

«Алтын қор» кадрлар резерві жұмысы 2003 жылы басталған. Содан бері облысымызда 467 талантты жасқа «Алтын қор» сертификаты берілген. Бірақ…

2003-2013 жыл аралығында «Алтын қор» сертификатына ие болған 410 жастың тек 22-сі ғана мемлекеттік қызметке қабылданыпты. Өткен жылғы көрсеткішті қосқанда 438 адам «Алтын қор» ретінде кадрлық резервке алынған. Соның 20%-ы мемлекеттік қызметке орналасыпты.

«Алтын қор» кадрлар резервін жасақтау үшін әр жылы бір топты оқытуға облыс бюджетінен 200-220 мың теңге шамасында қаржы бөлінеді.

Кадрлық резерв құрамына алынған жастардың бір парасы мемлекеттік қызметке орналасу конкурсы кезінде тестілеуден құлап жатады. Тестілеуден өткендері әңгімелесу кезеңінде сүрінеді. Демек, жастар арасында мемлекеттік қызметкерлердің кадр резервін жасақтау бойынша республика көлемінде алғаш рет қолға алынған бастаманың тиімділігі облыс көлемінде толықтай дерлік іске аспай отыр.

Кадрлар резервіндегі жастардың жұмысқа орналасу мәселелерін тұрақты қадағалау мен арнайы бір мемлекеттік мекемелерде іс-тәжірибеден өту жолға қойылмаған. Ал, «Алтын қор» кадрлар резервінің даярлау курсына қатысатын студенттерді жоғары оқу орындары талантты жас деп ұсынған.

– Мен мемлекеттік қызметке орналасып, өз елімнің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткім келеді. Осы үшін аянбай тер төгемін. Мемлекеттік қызметкер біріншіден патриот, елін, жерін сүйетін азамат болуы керек. Мемлекетті дамытуға деген ынтасы болуы қажет, – дейді Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің III курс студенті Нұртас Борбаев.

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат», №14, 08.04.2015