Он соттықтан артық жер телімің болса, жалгерлік ақы төлейсің. Қала аумағына өкен ақжарлықтарға осындай талап қойылып отыр. Төлемнің бұл түріне келіспейтін тұрғындар кезінде мемлекеттік актімен заңдастырып алған жер телімін қайтадан сатып алу тиіс.
Жергілікті тұрғындардың бірі — Алима Байболова жер телімін жалға алуға да, сатып алуға да жағдайым жоқ дейді. Кезінде мемлекеттік актімен заңдастырылған 20 соттық жер телімінде бүгінде өз үйінен бөлек ұлының баспанасының іргетасы да салынып қойған. Әупірімдеп құрылысқа кіріскен отбасы қазір не істерін білмей дал.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=loV9Vvzt5Jc[/youtube]
Төрт мыңға жуық ақжарлықтардың дені қазір осындай жер дауымен бетпе-бет келіп отыр. Қала аумағына өткен елдімекен тұрғындарының жерді пайдалану құқы шектеліп отыр. Олардың әрқайсысы соттықтан артық жері болса, оны жалға алуы қажет. Немесе мемлекеттен қайта сатып алу тиіс.
Меншік иелері бұл талапқа үзілді-кесілді қарсы. Жылдар бойы салық төлеп келген тұрғындардың көк қағазбен заңдастырылған телімдерін ешкімнің иелігіне бергісі жоқ.
Ал жауаптылар бұл ретте заңнамалық талаптарды алға тартып отыр. Жер қатынастарын реттеу туралы жаңа заңға сәйкес әр азаматқа тұрғын үй құрылысы үшін 10 соттық жер тиесілі. Ақжарлықтардың иелігіндегі жер телімдері кезінде шаруашылық мақсатқа берілген. Дегенмен, кейбір құжаттарда меншік иелерінің құқы дұрыс көрсетілмепті.
10 соттықтан артық жері бар тұрғындардың телімдерін бірнеше меншік иесіне рәсімдеуге құқы бар. Алайда ол үшін алдымен жер учаскесін қысқа мерзімге жалға алуы тиіс.
Түптеп келгенде меншік иелеріне жылдар бойы иеліктерінде болған жер телімдерін пайдалану үшін шығындалуға тура келеді. Дегенмен, жергілікті билік өкілдерінің бұл шартымен келіспей отырған тұрғындар сотқа шағымдануға дайын.