Шымкенттегі Төлеген Айбергенов көшесіндегі №5 көпқабатты үй тұрғындарының аудан басшыларына айтары көп. Тұрғындар қаланың қақ ортасында тұрсақ та жол азабын тартып отырмыз дейді. Ал балалары ойнайтын алаңшаның тозығы жеткені қашан. Тұрғындар Кеңес Одағынан бері жөндеу көрмеген ойын алаңшасын жаңартуды сұранады.
Ойдым-ойдым болған бұл жолдың жөнделмегеніне талай жыл болыпты. Өзге ауладағы тақтайдай тегіс жолды көргенде тұрғындардың тыныштығы бұзылады. Содан болар, өздерін өгей ұлдай сезінеді. Оған 30 жылдан бері тозығы жеткен балалар алаңшасының жырын тағы қосыңыз.
Төлеген Айбергенов көшесіндегі бұл үйдің тұрғындары баспаналарын сатып, қашуға шақ қалып отырмыз дейді. Жалға берілетін пәтерлер басымызға бәле болды дегенді айтады. Түнгі сайран балалардың тәрбиесіне де кері әсерін тигізіп үлгерген. Ал учаскелік полицейлер жұмыс жасамайды дейді жиналған жұрт.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=efZ8SPYbSPA[/youtube]
Мұғдағы ағайынның қордаланған мәселесі мұнымен бітпейді. Аулада қоқыс қалдықтарын жинайтын бекет ашылыпты. Мұны естіген қаңғыбастар ауланы торуылдауды шығарған. Ал бекет қожайыны өзінің заңсыз әрекетін мойындағысы келмейді дейді көпшілік.
Осылайша қала ортасында отырса да, өркениетті өмір сүруден қалған қалалықтардың уәжін жауаптылар шешіп беруге уәде етті. Биыл абаттандырылатын аулалардың қатарында өздерінің бар екеніне көз жеткізгендер бір марқайып қалды. Енді қалған түйткілді мәселелер де оң шешімін табады деп сенеді.
Нұрлан Жаңабай