Егер билік қаржылай қолдаса, шымкенттіктер 5-6 жылдың ішінде толығымен ауызсуға қол жеткізеді. Әзірге бұл — су берушілердің жоспары ғана. Олар тұтынушылар тіршілік нәрінен тапшылық көрмесі үшін арнайы жоба жасады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Ypl26O_Aerc[/youtube]
Шаһардағы шіріген құбырларды ауыстырып, халықты сумен қамту үшін 94 миллиард теңге қаражат керек. «Су арнасы» мекемесінің басшысы Анарбек Орман осылай дейді.
Мекеме 1996 жылдан бері 800 текше метрден суды үнемдепті. Нәтижесінде енді қор 19 жылға жетеді. Бірақ, барға қанағат етіп, қол қуысырып отырмаймыз дейді су мамандары. Әрі қарай жұмысты жүйелі жалғастыру жоспары бар.
Анарбек Орман, «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС бас директоры: «Біз осы елдімекендерге ауызсу беру мәселесіне байланысты 2020 жылға дейін инвестициялық бағдарлама түзіп қойдық. Қазір қалалық әкімшілікте қарауда жатыр. Әкімшілік келісетін болса, сол бағдарлама бекітілген соң осы елдімекендерді, ары кетсе, 2022 жылға дейін сапалы ауызсумен толық қамтуға мүмкіндік бар деп ойлаймын».
Сала мамандарының айтуынша, Шымкентке қосылған бірқатар елдімекендерге тартылған ауызсу құбырларының шарапатын халық ұзақ көре алмаған. Өйткені бюджеттің қыруар қаржысына жүргізілген құбырдың суы бірде бар, бірде жоқ. Соның салдарынан тұрғындардың тасып ішуіне тура келеді. Жамалмай жатып құбырлардың басқа тұсы жарыла беруінің өзіндік себебі бар көрінеді.
Анарбек Орман, «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС бас директоры: «Конкурста кәсіби деңгейі төмен, техникасы жоқ мекемелер ұтып алады. Соның салдарынан бүгінде тек «Сәуле» ғана емес, сонымен қатар Бозарық, Асар, Қазығұрт шағынаудандарында проблема көп. Бұған дейін «Ақбұлақ» бағдарламасымен қаржы бөлінетін. Енді ол тоқтады. Бұл жұмыстар инвестиция арқасында жүреді.»
Бәрін айт та, бірін айт, салғырттықтан айналып келгенде қарапайым халық зардап шегіп отыр. Дегенмен, су мекемесінің басшылығы бұл өзекті мәселе шешілетін күн алыс емес деп уәде беріп отыр.