Балаға қанша жәрдемақы төленеді?

Ең төменгі жалақының 10 айлық көр­сет­кішінен жоғары алатын әйел биыл декреттік демалысқа шыққан кезде декреттік төлемақы ретінде – 213 640 теңгенің төрт еселенген мөлшерін ғана алады. Яғни, 213 мың теңгеден жоғары жалақы алатын келіншектерге сақтандыру қорынан – 807 559 теңге «декреттік» беріледі. Ал жалақысы бұл мөлшерден төмен әйелдердің алаңдауға негізі жоқ. Себебі, олардың төлемдері бұрынғы тәсілмен есептеледі.

13-004

Төлемақы түрлері

Жалпы, елімізде баланың тууына байланысты тағайындалатын төлемақының үш түрі бар.

1. Жүктілігі және босануға байланысты төлем;

2. Бала тууына байланысты біржолғы тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы;

3. Бір жасқа дейінгі бала күтіміне тө­ленетін жәрдемақы.

2015 жылы 

– Айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) – 1982 теңге

– Жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ) – 21 364 теңге

– Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi (МБЗ) – 11 182 теңге

– Зейнетақының ең төменгi мөлшерi – 23 692 теңге

– Ең төменгi күнкөрiс деңгейi – 21 364 теңгені құрайды.

Қалай есептеледі?

«Декреттік» – жүктілігіне және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем.

«Декреттік» төлемақы сақтандыру қорынан тек жұмыс істейтін әйелдерге бір рет төленеді. Төлем мөлшерін анықтау үшін жыл бойына жалпы табысты 12 айға бөліп, 4,2 коэффицентке көбейту керек. Шыққан соммадан 10 пайыз әлеуметтік төлем мөлшері шегеріп тасталады. Мәселен, айлық жалақысы 50 мың теңгені құрайтын әйелдер жыл бойы 600 мың теңге мөлшерінде табысқа қол жеткізеді. Яғни: 600000/12*4,2-10%=189000. Демек, жалақысы 50 мың теңгеге тең болған әйелге – 189 000 теңге төленеді. Ескеретін тағы бір жәйт әйелдің жұмыс өтілі 1 жылға жетпесе де жалпы сомма 12 айға бөлініп есептеледі. Ал егер әйелдің еңбекақысы 10 ЕТЖ-дан асатын болса, декреттік төлемді есептеуде тек максималды көрсеткіш (биылғы жылы – 213 640 теңгеге тең) ғана қабылданады. Бұл жағдайда:

213 640*4,2-10%=875 600. Демек, әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 875 600 теңге көлемінде декреттік төлем төленеді.

Ал бала туғанда тағайындалатын бір реттік мемлекеттік жәрдемақы барлық босанған әйелдерге төленеді және бала санына қарай өзгеріп отырады.

І, ІІ және ІІІ балаға – 59 460 теңге (30 АЕК);

IV және одан артық балаға – 99 100 теңгені (50 АЕК ) құрайды.

1 жасқа дейінгі бала күтіміне тө­ленетін жәрдемақы да барлық босанған әйелдерге беріледі. Алайда оның соммасы жұмыс істейтін және істемейтін әйелдер үшін әрқалай болады. Мәселен, жұмыс істейтін әйел­­дер баласы 1 жасқа жеткенше, жа­лақысының 40 пайызын алып отырса, жұмыс істемейтін әйелдерге бюджеттен бала 1 жасқа келгенше:

І балаға – 10 901 теңге (5,5 АЕК);

ІІ балаға – 12 883 теңге (6,5 АЕК);

ІІІ балаға – 14 865 теңге (7,5 АЕК);

IV және одан да артық – 16 847 теңге ( 8,5 АЕК ) шамасында жәрдемақы төленіп отырады.

 

Қажетті құжаттар

Жүктілік пен бала тууға байланысты әлеуметтік төлемдерді алу үшін тапсырылатын құжаттар тізімін нақтылай түсейік.

«Декреттік» төлемді алу үшін:

— Жеке басты куәландыратын құжат;

— Тұрғылықты мекенжай анықтамасын;

— Уақытша еңбекке жарамсыздық парағы;

— Соңғы 12 күнтізбелік айдағы жұмыс орнынан табыс туралы анықтама;

— Банк операцияларын жүзеге асыратын басқа ұйымдарда немесе банктерде ашылған банк шоттары туралы анықтаманы тапсыруы қажет.

Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтушы тұлғалар: 

— Жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесін;

— Салықтар және басқа да міндетті төлемдер бойынша салық органы берген салыстыру актісін ұсынуы керек.

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін: 

— Жеке басты куәландыратын құжат;

— Тұрғылықты мекенжай анықтамасын;

— Бала және балалардың туу туралы куәлігін;

— Банктерде немесе банк операцияларын жүзеге асыратын басқа ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы анықтаманы тапсыруы керек.

Жоғарыда аталған қосымша құжаттар түгел тапсырылғанда ғана әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер 1 ай ішінде тағайындалады.

Дайындаған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №13, 01.04.2015