Шымкентте сәбиін тастап кеткен анаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі мәлімдеді. Қазіргі таңда Еңбекші полиция бөлімінің тергеушілері қылмыстық кодекстің 119-бабы — баланы қауіпті жағдайда қалдырып кету фактісіне қатысты іс қозғады.
Ол ананы баланың күтушісі жасы 20-25 аралығындағы, европалық нәсілдес деп сипаттап берді. Есімі Кристина болуы мүмкін. Қазір осы сипаттама бойынша көкек анаға іздеу жарияланған.
Еске салайық, 25 наурызда туған анасы 1,5 жасар бөпесін күтушіге екі сағат қарай тұр деп қалдырып, үшті-күйлі жоғалған. Күтуші бір хабар болар деген үмітпен 5 күн бойы баланы өз үйінде ұстайды. Күдерін үзген соң 30 наурыз күні полицияға хабарласқан. Ал құқық қорғаушылар Данилдың денсаулығын тексерту үшін ауруханаға апарады.