Оңтүстікте біраз көлдер қоқыстан тазартылды. Оны кәсіби сүңгуірлер атқарды. Табиғатқа жаны ашитындар осылайша экологиялық тазалыққа атсалысты.
Соның нәтижесінде Сайрам-Өгем мемлекеттік табиғи паркі аумағындағы көлдердің айналасы, түбі күл-қоқыстан арылып қалды. Мұндай тазалық шарасы облыс тұрмақ елімізде алғаш рет атқарылып отыр.
Экологиялық іс-шараны Шымкенттегі «Океан» дайверлер клубы ұйымдастырып отыр. Сайрам-Өгем мемлекеттік табиғи паркі әкімшілігінің өзара келісімімен жүзеге асқан тазалық акциясы алғаш рет өтуде.
Айта өтейік, Түлкібас ауданына қарасты Балықшы ауылының жанындағы мына көлден осы уақытқа дейін ауылдықтар су ішіп келген. Алайда соңғы жылдары мөлдір таза суды тұтынбақ түгілі, ауыл шаруашылығына қолданудың өзі мұңға айналған. Себебі, мұнда келіп, демалушылар көлді қоқыс орнына айналдырып тастаған.
Сүңгірулер тазалық шарасына сақадай сай келген. Сондықтан жұмысқа бірден кірісті. Даладағы ауа температурасы +30 градусты көрсетіп тұрса да көлдің суы салқын. Дегенмен, бұл тазалықшылардың жолын байлай алмады.
Бес-жеті метр тереңдікке сүңгіген белсенділер су түбінен шыны бөтелкелер мен құрылыс заттарын шығарып жатты. Көл түбінен, тіпті, автокөлік дөңгелегі де табылды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=lyAiXeDHTKI[/youtube]
Су бетінде қайықпен жүрген қорық қызметкерлері сүңгуірлерден алған қоқысты жинап, жағаға тасыды. Небәрі бір сағаттың ішінде бірнеше қап қоқыс шығарылды. Бұл — демалушылардың табиғатқа жасаған «сыйы».
Владимир Центнер, «Океан» сүңгуір клубының жетекшісі: «Қазір атқарған жұмыстарының нәтижесі бойынша біз осы көлдің небәрі 10 пайызын ғана тазаладық. Көлдің асты толған бөтелке мен түрлі қоқыс. Өкінішті, әрине. Осындай керемет жерді адам өз қолымен ластап жатқанына жаным ашиды. Мұндай тазалық шарасы алдағы уақытта жалғасатын болады.»
Валентин Аюпов, кәсіби сүңгуір: «Ерекше сұлулығы бар мұндай көлдер бізде кемде-кем. Ал су астының сұлулығын айтып жеткізу тіпті қиын. Көл түбінде бастаулар бұрқылдап жатыр. Соның нәтижесінде судың тазалығы сақталып тұрады. Ал қоқыс тастаушылардың кесірінен су жәндіктері зардап шегуде.»
Мұндай тазалық шарасы алдағы уақытта жалғасын табады деп сендірді ұйымдастырушылар. Бірақ, солай екен деп қарап отырмай, сүңгуірлер мен Сайрам-Өгем мемлекеттік табиғи паркінің әкімшілігі демалушыларды тазалық сақтауға шақырады.
Әлімхан Дүйсенғалиев