Шымкенттегі Телман бөлімшесіндегі Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бегелдинов есімін алған көше елеусіз қалып отыр. Жеңістің 70 жылдығына орай жолды жөндеп береміз деген жауаптылар уәдесінде тұрмапты. Осылай деп ашынған ағайын жергілікті билікке сенуден қалған.
Батыр Талғат Бегелдинов көшесінің тұрғындары да қайсарлы. Биліктен бір тиынның да бөлінбейтінін біліп, 40 жылдан бері көшелерін өздері жөндеп келеді. Биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына көшені жөндейміз деген уәдеге көпшілік қуанып та қалғандарын айтады. Бірақ, берілген уәде орындалмайтын түрі бар деп дабыл қағады. Жауынды күндері батпақты белшеден кешсе, құрғақта шаң-тозаңның ортасында қалатын көше тұрғындарының көңілі күпті.
Ұшқыш, авияция генералы Талғат оапаорити Бегелдинов Берлинге алғашқылардың бірі болып кірген. Қазақстан Республикасының «Барыс» орденінің иегері. Енді көшеге есімін берілгенімен, қадағалаусыз қалып отыр дейді тұрғындар. Ал әкімдіктің мамандары биыл құжат әзірленсе, ендігі жылы жөнделеді деп отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YdMXfyqkAUw[/youtube]
Жалпы, Шымкент шаһарында 1351 көше болса, бүгінде соның 43 пайызы жөндеуден өткен. Биыл 70 көшені орташа дәрежелі жөндеуден өткізу жоспары бар. Ол үшін бір млрд теңгеден астам қаражат қаралған, алғашқы жұмыстар басталып та кетті.
Өкінішке орай, Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын алған көше бұл тізімге ілінбепті. Яғни, Тельман бөлімшесінен сайланған депутаттар да оған бас ауыртпаған сыңайлы. Бұл дегеніңіз, шулаған жұрт шаң жұтып тағы қалды.
Нұрлан Жаңабай