Қазақстанда мүлікті жариялауға рақымшылық 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталған. Содан бері 8 айдан аса уақыт өтсе де мүлігін заңдастыруға асықпайтындар көп. Бұл тұста халықтың білмегенін түсіндіру үшін Тоғыс ауылына Шымкенттегі Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары бастаған бір топ мамандар келді. Оларды көптен күткен халық біраз сұрағына жауап алды. Солардың бірі — мектептің мұғалімі болып істейтін Сәрсенкүл Әбдіқұлова. Үйін соғуды былтыр бастаған ол үлгере алмаймын ба деп қауіптенеді.
Сәрсенкүл Әбдіқұлова: «Мен былтыр үйімді салып қойдым. Қомақты қаржы керек болғандықтан, әлі толық біткен жоқ. Соынң техникалық құжатын жасауға барсам, мамандар үйдің едені төселіп, есік-терезесі толық қойылып, тұруға жарамды болған кезде ғана құжат береміз дейді. Ал мен ол жұмыстарды жаздағы еңбек демалымысда алған соң ғана істей аламын. Сонда, қарашаға дейін үлгере алмаймын ғой, ия?»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=a6MDwlbC4ZQ[/youtube]
Бұл сұраққа Еңбекші ауданы бойынша мүлікті заңдастыру комиссиясының хатшысы «Үлгересіз» деп жауап берді. Комиссия өкілінің айтуынша, Сәрсенкүл секілді құрылысты толық аяқтай алмай жүрген азаматтар жетерлік.
Ол-ол ма, кезіндегі ауданнан Шымкент қаласының аумағына өткен үйінің мемлекеттік актісін алмағандар да көп көрінеді. Олар жылжымайтын мүліктерін заңдастырмай тұрып, қалалық жер қатынастары бөлімінде тіркеулері қажет.
Нұрсағым Қалтаев, Еңбекші аудандық мүлікті заңдастыру комиссиясының хатшысы: «Бізде ең басты әрі өзекті мәселе — ауылдан қалаға өткен тұрғындар мүліктерін заңдастырмай тұрып, мемлекеттік акті алуы тиіс. Тек содан кейін ғана жылжымайтын мүлікті заңдастыруға болады.»
Мамандардың айтуынша, қалаға қосылған елдімекен халқының 15 пайыздағы ғана мүліктерін заңдастыруға өтініш берген. Осы тұста айта кетерлігі — бұған дейін мүлігін жарияламағандар ірі көлемдегі айыппұл төлесе, рақымшылық кезінде ол айыппұл жоқ. Сол үшін комиссия мүшелері 2015 жылдың 30 қарашасында аяқталатын мүлікті жариялауға үлгергеніңіз жөн деп кеңес береді.