Межеміз – 60 млн кірпіш өндіру

Құрылыс алаң­да­рын­дағы өзекті мәселенің бірі – мат­­ериалдың жетіспеуі немесе қымбаттығы. Үй салатындар үшін әсіресе, кірпіштің орны бө­лек. Бұрын бұ­зылған үйлер мен ғимараттардың кір­піші мен қабырғалық блок­тары қайта пайдаланылатын. Ескі матер­иалдардан құрылыс жүргізіп жатқандар аз емес.

Өзге облыстар кірпішті шетелден де тасыды. Ол күйді біздің аудан кешпеді. Себебі, қай кезеңде де «Бадам» қыш зауыты өндірісін тоқтатпаған. Жақында ол «Батсу-водоканал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытымен толықты.

атқарушы директор Нұрлан Бейсенов
атқарушы директор Нұрлан Бейсенов

Бұрынғы «Бадам» қыш зауытының ескі ғимараты сырылып, орнына жаңасы тұрғызылған, заман талабына сай жарақтандырылған, озық технологиямен жұмыс істейтін зауыттың қадамына сәттілік тілеп, біз де «шашу шашып» бардық. Директор Ерік Бүркітбаев жұмыс бабымен орнында болмауына байланысты, атқарушы директор Нұрлан Бейсеновпен (суретте) сұхбаттастық.

– Қоныстарыңыз құтты болсын. Жұмыстарыңыздың тұсауы қалай кесілді?

– «Бадам» қыш зауытының өндіріс алаңы орнына жаңғыртылған, автоматтандырылған, заманауи зауыт тұрғыздық. Жоспарымызға сай жылына алпыс миллион қыш беруі тиіс. Өндірістік қуатымыз толық қосылған соң стандартты, «бір жарымдық» қыш, сыртқы әрлеуге арналған, керамикалық-тротуарлық өнім шығармақпыз. Әзірге алғашқы екеуінің өндірісі жолға қойылған.

– Әркім «іштен шыққан шұбар жыланын» жамандамасы анық, алайда сапасы туралы сұрағымыз артық болмас.

– Сапасы зертханада тексеруден өткен. Халықаралық стандартқа сай. Маркасы ― 150. Тұтынушылар бүгінде бағаны емес, сапаны бағалайды. Зауытымыздың іске қосылғалы баға тұрақталды. Өзге өндіріс орындарымен келісімшартқа тұрған кейбір мекемелер оны бұзып, бізбен жұмыс істеуге бел буды. Сенімін толық ақтаймыз.

13-002

– Мемлекеттің қолдауын айтып өтсеңіз.

– Елбасының жыл сайынғы Жолдауы кәсіпкерлер ісінің жандануына оң ықпал етеді. Оның сөзінен соң іске кірісу керектігін ойладық. Неден бастау керек? Нарықты зерттедік, зерделедік. Сонда құ­ры­лысқа керегі ежелден-ақ эколо­гиялық ең таза құрылыс материалы – кірпішке тоқтадық. Яғни, өзгелердікінен кем емес, мүмкіндігінше артық кірпішті өндіруді шештік те, тәуекел еттік. Іске кіріспес бұрын шетелдегі құрылыс материал­дарын өндіру тәжірибелерімен таныстық. Сапар барысында жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істей­тін, сапалы кірпіш шығаратын зау­ыт керектігі жөніндегі ойымызды шегелей түстік. Сөйтіп,«Даму» қаржылай қолдау қоры арқылы жеті пайызбен несие алдық. Неміс технологиясы бойынша жасалған қытайлық техниканы өздері келіп, орнатып, қолдануды үйретті. Автоматтандырылған құлтемір – жапондық.

– Алғашқыға қарағанда өндіріс жеңілдеген шығар? Жұмысшыларға талап қандай?

– Кірпіш газ пеші арқылы ерекше тех­но­логиямен 900-920 градуста күйдіріледі. Бұрын 200-300 адам қол күші қажет етілетін тірлікті 7 адамдық үш ауысым тындыруда. Жалақылары 60-100 мың теңге аралығында. Өндірістік қуатымыз артқанда еңбегіне қарай қаржылық қолдауымыз да артады. Жұмысқа қабылданатындар міндетті түрде аттестацияланады. Қауіпсіздік ережелерімен таныстырылады. Қызметке кіріскен соң апта сайын білімі мен біліктілігі сыналады. Техникалық мамандарға қоғам зәру. Мысалы, техника күн санап қарыштап дамуда, ал оны пайдаланатындар көбіне қысқа мерзімді курстарда білімін жетілдіреді. Іскер, білгір маманға сұраныс азайған емес.

– Қышты қайдан және қалай алуға болады?

– Өнім жыл бойына дайын. Алдын ала, көбіне қыста тапсырыс беріп, күтетін заман біздің зауытта келмеске кеткен. Жыл бойына сапалы өнім ұсынуға даярмыз. Көктемге қарай тасымалдау қызметін іске қосамыз.

13-003

– Бастамаларыңызға сәттілік серік болғай. Әңгімеңізге рахмет!

– Иә, жаңадан ойлап табылған дүниелер көп емес, әңгіме қолда барды ұқсатуда екен-ау. Осыған дейін, шет-елден тасымалданған кірпішті облыс құрылысшылары екі есе қымбат бағаға са­тып алатын. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Кеңес Ода­ғындағы жоспарлы экономи­каның талабымен оттықтың қора­бындай жыпырлатып, үйді көп сал­ған кездің өзінде құрылысқа жылы­на 50 миллион кірпіш кет­кен екен. Ал, алпыс миллиондық межені бағындыруды жоспарлаған «Батсу-Водоканал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарқынын байқаңыз.

Зауыттың алғашқы қадамы көңіл қуантарлық. Олар осы нәтижемен тоқтамақ емес. Кейбір бәсекелестерінен ерекшелігі – жылдың төрт мау­сымында да тоқтаусыз жұмыс істейді. Халықаралық стандартқа сай, бәсекеге төтеп беретін өнім өздігінен келмейді. Ол – озық техно­логия­мен қатар төзім мен бейнет­тің де жемісі.

Жібек ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ, 

Ордабасы ауданы

«Оңтүстік Рабат», №13, 01.04.2015