Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысқа күдікті ретінде 45 жастағы азаматшаны ұстады. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
2015 жылдың сәуір айында Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қаарсты Әл Фараби полиция бөліміне 27 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны арызданып келеді. Ол өз шағымында таныс әйел жұмысқа тұрғызып берем деп, алаяқтық жолмен 3700 доллар көлемінде ақша алғанын айтқан. Таныс әйел содан кейін ізім-ғайым жоқ болыпты. Полицейлердің мәліметінше, тағы бірнеше қала тұрғыны осыған ұқсас арыздармен ішкі істер бөлімдеріне жүгінген.
Жедел іздестіру іс-шарасы кезінде Әл-Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні Алматы қаласында ұстады. Ол 1970 жылы туылған, ОҚО Сайрам ауданының жұмыссыз тұрғыны болып шықты.
Тергеушілер 45 жастағы азаматшаның 20-дан астам алаяқтық жайтына қатысы бар екенін анықтайды. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі 5 миллион теңгені құрап отыр.
Барлық жағдайда бұл азаматша жәбірленушілерге белгілі мөлшердегі сомаға жұмысқа тұрғызып беретінін, мемлекеттік органда байланысы барын айтып, осыдан соң өзіне сенген адамдардан ақшаны алып, белгісіз бағытқа кетіп ізін суытып отырған.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес «Алаяқтық» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы тұста тәртіп сақшылары алаяқтың құрбандары бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр. Сондықтан, облыс және Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына осы күдіктіні таныған жағдайда «102» нөмірі бойынша полицияға хабарласуларын өтінеді.