Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін ресімдеуді реттеу мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық әділет департаментінің, халыққа қызмет көрсету орталығының, облыстық жастар орталығы мен білім беру мекемелерінің қызметкерлері, студенттер мен оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Төлқұжаттағы ата тегіміздің дұрыс жазылуын насихаттауды мақсат еткен жиында тақырыпқа сай хабарламалар жасалып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Жалпы, елімізде азаматтардың тегін, атын және әкесінің атын жазу Қазақстан Республикасының конституциясымен, 1994 жылғы 27 желтоқсандағы азаматтық кодекспен, «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі №2923 ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы жарлығымен, 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен реттеледі.
Мамандар келтірген деректерге сүйенсек, Оңтүстікте өткен жылы дүниеге келген сәбилердің аты-жөндері 73%, 2015 жылғы қаңтар, ақпан айларында туылғандардың 82% «-ов, -ев, -ова, -ева, -ин, ина және т.б.» жұрнақтарынсыз рәсімделіп, құжат беріліпті.
Мәжіліс соңында жиынға қатысушылар ұлттық дәстүрге сай жұрнақтарсыз құжат алуды тұрғындар арасында кеңінен насихатау бағытында бірлесе жұмыс жасауға уағдаласып тарқасты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі