Оңтүстікте екі бала суға ағып, мерт болды. Қайғылы оқиға жексенбі күні болған.
Алғашында Түлкібас ауданындағы Балықшы елдімекенінде, күндізгі сағат 11-лер шамасында ауыл маңынан ағатын Арыс өзеніне 11 жастағы бала батып кетеді. Оның денесін жақындары кешкі сағат 8-де судан шығарып алған.
Ал екінші жағдай Бадам 1 ауылында тіркелді. Мұнда 3 жасар бала Бадам өзеніне сағат 17:00 шамасында құлап кеткен. Оның денесін туыстары түнгі сағат 1-лерде шығарды.
Екі қайғылы оқиғада да балалар үлкендердің қарауынсыз жүрген. Құтқарушылардың айтуынша, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда суға кету жағдайы үш фактіге көбейген. Жалпы, биыл жыл басынан 6 адам тілсіз жаудың құрбаны болды.