Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов республикалық ІІІ ұлттық театр фестивалінің құрметті қонақтарымен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы облыстың мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ұлтымыздың ұйытқысы саналатын Оңтүстікте соңғы бес жылда жаңа 46 мәдениет мекемесі ашылған және 8 кәсіби театр тұрақты жұмыс істеуде. Бұл тұрғыдан облыс өзге өңірлер арасында көш бастап тұр. Аталған театрларда 42 жаңа спектакль сахналау жоспарланып, 49 қойылымның премьерасы өткен. Былтыр оңтүстікқазақстандық өнерпаздар екі жарым мыңға жуық спектакльді сахналап, оларды 315 мыңнан астам көрермен тамашалады.
2014 жылы облыстағы театрлар 101 гастрольдік сапармен Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана, Байқоңыр қалаларында және Қытайдың Шуар өлкесінде болды. Сондай-ақ театр өнеріне сусап отырған шалғайдағы аудандар мен қалаларға да осындай сапарлар ұйымдастырылған.
Мәдениет майталмандары өткен жылы мемлекет басшысының қатысуымен Шымкентте облыстық драма театры мен Түркістан сарайы ашылғанын тілге тиек етіп, осы тектес өнер ордалары Шымкенттің өзіндік мәдени өмірін қалыптастырып отырғанын айтты.
Жүздесу кезінде КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов Оңтүстік мәдениет саласындағы істерімен еліміздегі өзге өңірлерге үлгі болатынын жеткізіп, өнер мен мәдениет саласында атқарылған ауқымды жұмыстарды жоғары бағалады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі