Республикалық саясаттанушылар Оңтүстікке жиналды

413

Бүгін Шымкентте «Бес институттық реформа: дамуға қарқын қосып, мәңгілік ел болу» тақырыбында аймақтық сарапшылар форумы өтті. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынға Ерлан Қарин бастаған елімізге белгілі саясаттанушылар қатысты.

006

Жиын жұмысын ашып, алғысөзін арнаған облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали ұлттың ұйытқысы бола білген өңірде өтіп жатқан сарапшылар форумы талай мәселенің оң шешілуіне ықпал ететініне сенім білдіріп, оның жұмысына сәттілік тіледі.

Форумда модератор болған Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Е.Қарин бұның алдында өткен сайлаулардың тәжірибесі көрсеткендей, сайлау науқаны жай ғана техникалық рәсім емес, мемлекеттің дамуына күш беретінін айтты.

007

 — 1991 жылғы Президенттік сайлау Қазақстанның жаңа тарихының бастауына, елдің мемлекеттік-саяси жүйесінің іргетасына айналды. 1999 жылғы сайлау әлемдік экономикалық дағдарыс пен ел тәуелсіздігін нығайтудағы жаңа кезеңнің арасында көпір болды. 2005 жылғы науқан посткеңестік геосаяси шиеленіске жауап болды, тұрақты дамуға жағдай жасаған саяси модернизация жүргізілді. Ал 2011 жылғы сайлау экономиканың және саяси үдерістерді сәйкестендіріп, Президенттің жаңа экономикалық бағдарламасы – ҮИИДБ жүргізілді. Биылғы сайлау да үлкен тарихи оқиғалардың бастамашысы болады және түрлі жағымсыз сценарийлердің алдын алуға мүмкіндік береді — дейді Е. Қарин.

Жиынға, сондай-ақ, ұлттық стратегия институтының директоры Б.Нурмухамедов қатысып, Президент сайлауының маңыздылығы жөнінде айтса, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым ТМД кеңістігіндегі геосаяси шиеленістер кезінде еліміз қалай қорғануы қажеттігі жайында сөз өрбітті.

Ал ОҚО ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Сайыпжамал Қорғанова қоғамдық келісім жайлы, облыстық «Южный Казахстан» газетінің бас редакторының орынбасары К.Исмаилов бес институттық реформаны іске асыруда ақпараттық сүйемелдеу және аймақтық көзқарас жайында баяндама жасады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі