Сарыағашқа «Менің Қазақстаным» пойызы аялдады

513

«Сарыағаш» станциясы вокзалына Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналған «Менің Қазақстаным» пойызы аялдады. Пойыз 30 күн ішінде еліміздің 27 елдімекенін аралайды. Оңтүстіктен Түркістан мен Сарығаш аудандары таңдалған. Мұның себебін халықтың көп шоғырланғанымен түсіндіреді акцияға қатысушылар. Сарығаштықтар қонақтарды жылы қарсы алды. Күні бойы түрлі салада тегін кеңес алды.

vlcsnap-2015-04-08-18h59m54s82

vlcsnap-2015-04-08-19h00m23s110

Вокзалға жиналған жұрт көп бөгелмеді, «Менің Қазақстаным» пойызы келіп, бірден аялдады. Сегіз вагонның ішінде 9 топ бар. Зиялы қауым өкілдері, медицина саласының мамандары, заңгерлер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері акция аясында ауданға келіп, күнгейдегі көпшілікпен жүздесті. Саялы Сарыағаш тұрғындары қонақтарды сән-салтанатымен қарсы алып, ыстық ықыластарын білдірді.

Республикалық акция — Қазақстан халқы ассамблеясы жылына арналған ауқымды іс-шара. Акция барысында Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің Қазақстандық үлгісі насихатталды. Жауапкершілігі мол шараның басы-қасында Парламент мәжілісінің депутаттары, «Қоғамдық келісім» республикалық мекемесінің мамандары, жастар ұйымдары, эстрада жұлдыздары бар. Оларға жүктелген міндеттің салмағы да ауыр. Ауыл-ауылды аралап, ассамблея жылын халықпен атап өту мақсатында келгендер өздеріне көрсетілген құрметке риза болды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=2ta_vUlgW-w[/youtube]

Ат арылтып келген қонақтар вокзалдан шыға сала өз салалары бойынша насихат жұмысына кірісіп кетті. Айта өтейік, бұл пойыздың саяси науқанға қатысы жоқ. Осыны ескерткен халық қалаулылары күнгейліктердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Парламент мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов қоғамдық қабылдау өткізді. Елордадан ел ағаларының келетін естігендердің жиырмаға жуығы өз сауалын тікелей жолдауға мүмкіндік алды. Сарыағаштықтардың ауызсу мәселесін көтерген аудандық мәслихат депутаты бұл мәселені жоғарыға жеткізуді өтінді.

Ал астаналық ақ халаттылар аудан халқын тегін тексеруден өткізді. Ұзын-сонар кезек күткендердің санында шек жоқ. Шалғайдағы ауыл тұрғындары да арқаланып жеткен. Сарыағаштың Самал шағынауданындағы жаңа емхананың алдына жылжымалы дәрігер көлігі де жеткізілген. Мұнда жүрек, тіс дәрігері және гиниколог мамандар үздіксіз жұмыс істеді. Жиырмаға жуық дәрігер кешке дейін қабылдау өткізіп, кеңес берді. Басым бөлігі аяқ ауруларына шағымданып келіпті.

Ақсәуле Еркінова, Абай ауылының тұрғыны: «Астанадан дәрігерлер келедіні естіп, алып-ұшып келдім. Екі дәрігердің алдында болдым, жақсы қарады. Кеңесін айтты. Қолданып жүрген дәрілердің зиянын айтты».

Невропотолог маман кеңесіне жүгінгендердің басым бөлігі — балалар. Ал егде жастағы науқастар қан қысымының артып отыратынын алға тартқан.

Акция аясында мыңға тарта тал отырғызылды. Оған жастар көптеп атсалысты. Тыныштық пен бейбітшілікті ту еткендер бір-бір түптен көшет отырғызып, оны күтіп-қарауды жастарға тапсырды.

Жазира Есіркепқызы, студент: «Бүгін егілген ағаштарды өзіміз қадағалап тұрамыз. Біз — жасыл елміз. Оны жайқалту жастардың қолында. Міндетімізді орындаймыз».

Ал «Менің Қазақстаным» пойызының жетекшісі Ғазиз Тұрсынбекұлы Сарыағаш және Түркістан өңірлерін таңдаудың себебін түсіндірді. Айтуынша, 27 елдімекенді таңдауда халық санына көп көңіл бөлінген. Ол елдімекендер облыс орталығы болмау керек.

Ал Оңтүстіктен енген Түркістан мен Сарыағаш бір-біріне ұқсамайтын аудан. Киелі шаһар тұрғындары да бізді жылы қарсы алды. Сарыағаштықтан ыстық ықыластарын білдірді деп қосты.

Бір күнге созылған акцияны қорытындысында арнайы баспасаөз мәслихаты өткізілді. Өңіріміздегі екі ауданда болған меймандар күнгейдегі кітапхана қызметін ерекше бағалады. Мұндағы бай кітіп қоры қызықтырғанын жасырмады. Кітап оқуға көңіл бөліп отырған аймақта кітапхана салынатын жаңалықты естіген ұлттық кітапхана директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы қуанышын жасыра алмады.

Акция Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған «Менің Қазақстаным» атты концертке ұласты. Оған мәдениет қайраткерлері, Қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысты.