Сарыағашта кәсіпкерлікті дамыту даңғыл жолға түскен. Мұнда, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында өз ісін дөңгелетіп отырған шаруалар көп. Оларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау да көрсетіледі.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=RFvsQ2mA1hc[/youtube]
Өңірде «Даму» және «Қазагро холдинг» бағдарламаларына және қолдауына ие болғандар жетерлік. Кәсіпкерлікті қолдау орталығына Астанадан білікті мамандар жиналып, жергілікті жас кәсіпкерлерге кеңес берді. Қаржыны алу және оларды қайтару жолдары үйретілді.
Болат Күндейов, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының ақпарат басшысы: «Сарыағаштың кәсіпкерлері сауатты. Басым бөлігі шағын бизнесін дамыту бойынша кеңес алды. Қаржы алу, оны қайтару жолдарын жақсы біледі. Бұл аймақ — Оңтүстік кәсіпкерлері көптеп шоғырланған жер».
Айта өтейік, Сарыағаш ауданында жылыжай өнімдері көптеп өсіріледі. Ол Қазақстанның сексен пайызын қамтуға қауқарлы. Сондай-ақ, ауданда суармалы жерді көбейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде аудан шаруаларын бау егіп, оны жайқалтуға жол ашады.
Сарыағашта интенсивті бауды дамыту қолға алынған. Бір ғана «Сарыағаш — жер сыйы» серіктестігінде алманың елу түрі өсіріледі. Ал оның көшеттері өңіріміз тұрмақ, еліміздің түкпір-түкпіріне саудаланады. Ауыл шаруашылығын дамытуда тамшылатып суару әдісін қолға алған аймақтың тәжірибесі өзгелерді қызықтырып та отыр.