Бұдан былай Түркібасыдағы әулиелі төбені «Красная горка»емес, Шұбайқызыл шоқысы деп атаңыз! Басқалай атау адасушылық болмақ. Кешегі аптада белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Мархабат Байғұт бастаған зиялы қауым діттеген мақсаттарына жетті. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен Шұбайқызыл шоқысына белгі қойылып, әулие төбе аты ресми түрде жарияланды.
Алайда, бұл мақсатқа жету оңай болған жоқ.
Қырға қызғалдақ шықса қырғидай тиіп, «маевкалата» жөнелетін әдетіміз бар-дүр. «Красная горкалатып» әулие басын әумесерлер талайдан бері былғап келген. Табиғат анаға жасайтын аяусыз әрекеттерін айтсаңызшы?! Қызғалдақты құлашына сиғанша жұлатын. Бұған жазушы жүрегі шым-шым ететін.
Сол жүрек солқылы «туған жердің байлығын, әулие төбе қазынасын қалай сақтап қаламынға» саятын.
«Шырайлым-Шұбайқызылым!
Құзғындар көрген қызығын.
Жанымай, жотам-жасылым.
Жүдегеніңе жасыдым…
Шырайлым-Шұбайқызылым-ай, Шұбайқызылым!» деп еңірей, егілетін.
Етекті жасқа толтырып отыру ер азаматтың ісі емес. Мархабат Байғұт елдің назарын Шұбайқызылға аударуға барын сала кірісті. «Шырайлым-Шұбайқызылым» атты жас ақын-жазушылардың шығармашылық байқауын ұйымдастырды. Біле білсеңіз, «Мархабат-Мирас» қайрымдылық қоры сол үшін құрылды. Жас таланттарды қолдау үшін! Бүгінде кейбір жұрт «Алғашқы күнінен-ақ миллиондаған теңге түсті ғой, қорға» деп жүрген теңгелер туған жердің еш жерде қайталанбайтын сұлу табиғатын насихаттауға, оның төсінде көктемде өрттей боп өретін Қызғалдақты сақтауға, «Жанымайлап» жетіп, жаралы батырларымыздың жан тәсілім еткен жотасы жайлы аңызды жадымыздан жоғалтпауға тиістігіміз үшін жұмсалып жатыр.
Алғашқыда аудандық, сосын облыстық деңгейде өткен «Шырайлым-Шұбайқызылым!» байқауы былтыр республикалық дәрежеге көтерілді. Бағы жанып, жүлделі орындардан көрінген жас өскін талантты жастар лек-легімен шыға бастады. Танылып жатты. Тұсауын «Шырайлым-Шұбайқызылым!» кескендіктен де.
Бірақ, сіздің не білгеніңіз бар?!
Таланттар танылғанмен Шұбайқызылға мән берер, шоқының атын ресмилендіріп, орысша атауынан арылтар нақты шара болмады. Жазушы жүрегі тағы да «Шырайлым-Шұбайқызылым-айлап» кетті…
«Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты жұлмайтындардың қатары көбеймей көкейді өртеді. Әулие баба басын әумесерлер «маевкалатудан» танбады. Не істемек керек?!
Қоғам назары биылғы жылдың басты мақсат-мүддесі болып отырған Жеңістің 70 жылдығын абройлы атап өту ісіне ауған тұста игілікті іске Шұбайқызыл-айлап та үлес қосуға болады емес пе?! Ол жерде де «Жанымайлап» кеп батырлар жантайған. Қаны аққан. Аққан қанды бойлай өскен бүгінгі қызғалдақтар «батырлардың қаны осында…» деп самал жел соқса күңіреніп кететіні бар. Шұбайқызылға жеткенге дейінгі әр ауылда Ұлы Отан соғысына азаматын аттандырған ел еңселі ескерткіш орнатқан. Әр шаңырақ ата-бабасы тарту еткен Жеңістің арқасында осы күніне шүкіршілік айтып отыр. Кей үйдің жалмап жалғызын, қаншама сарбаз қан майданнан оралған жоқ. Мұны өскелең ұрпақ біле ме?
Міне біз пақырыңыздың пендешілік пайым жасай келе, «Шымкенттен-Шұбайқызылға!» жаяу жүру жобасының мақсат-мүддесін айқындамаққа ұмтылғандағы ұққаны осы болды.
Нармахан Бегалыұлы, Есқара Тоқтасынұлы, Нұрғали Қадырбаев, Әбдірахман Піратов, Ахмеджан Бердіқұлов сынды сұлу сөздің майын ағыза білген марқасқалардың Мархабат аға Байғұт бастаған жобаға ілескендегі мақсаттары 70 шақырымды жаяу жүріп қана қою емес, әр ауылдың тұсынан өткенде Батырларға арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, ерлердің ерлік істеріне тағзым ету, мектеп оқушыларын соңдарынан ілестіргенде оларға тағылымды тарихтан сыр шерту, сұм соғыстың сырын ақтару болды. Айтпақшы, «Шырайлым-Шұбайқызылым» шығармашылық жастар байқауының әр жылғы жүлдегерлері Әлішер Әлімжан, Бақбер Алтай, Нұркен Нұрғазы, Мұқағали Кенжетайұлы, Дәурен Айманбетов сынды жастар ағаларының соңынан ерді. Бәрі де сол «Шұбайқызылым-айлауға!» келгенде бір саптан табылды. Жаяу жүру жорығына желкілдеп кеп қосылды. Бақытжан Алдияр басқаратын Қазақстан Жазушылар Одағы ОҚО филиалы иігілікті істін ұйымдастырушысы болды.
Жолдың жайын жүрген білер. 70 шақырымды жүріп өткендер бірталай мектептерде кездесу өткізді. Сыр ұғар жастармен сырласты. Жөн сұрасқан соң ақындар жыр оқыды, ағалар пәтуалы сөз арнап, естеліктер айтты. Жайсаңдармен жолығысқан әр ауылдың азаматтары сәтті сапар тілесіп, «бір ғанибет жолығысу болды-ау!» деп жамырасып жатты, қол бұлғап. Шымкенттен-Шұбайқызылға дейінгі шырқалған әндерді айтсаңызшы… Сайрамдықтар бастап берген «Ата мекен», «Туған жер», «Ана туралы жыр», «Ауылым» әндерін түлкібастық өрендер жалғап, ағалары бастаушы болып Шұбайқызылда «Менің Қазақстаным» әнімен түйінделді. Патриоттық әндер қалықтап, аспан шайдай ашылды.
Шұбайқызыл шоқысында керемет бір шара өтті. Қада қағылып, «Бұл жер бұдан былай «Красная горка» емес! Шұбайқызыл шоқысы!» деп бәтуа жасалды.
Дәл осы бәтуаны көптен күткендей Шұбайқызылдың шұбап өскен алқызыл Қызғалдағы да «Менің Қазақстанымға» тербеліп тұрды-ай дейсіз!
Елдің назары Шұбайқызылға ауды.
Тарихтан сұм соғыстағы аталарымыздың ерлігін өшіріп тастауға әзір кей пенделерге ой сала, Жеңістің 70 жылдығын жалындата көтеріп, бір жеңіске екінші Жеңіс осылай жалғасып кете барды. Ел ерлердің есімін тағы бір рет жаңғыртты. Шұбайқызылға биыл да жылдағы дәстүрінен шұбап шыққан Қызғалдақтарға бұрынғыдай емес қамқорлықпен қарап, «туған жерді осылай түлетейік!» деп тарқасты жамағат.
Жетпістен асқан жастарына қарамай, жетпіс жылдыққа жетпіс шақырым жаяу жүріп барып, Жеңісті насихаттаған ағалар аман болсыншы-ай!
Ж. Шалабаева