Қару тапсыру науқаны қыза түсті. Жергілікті полицейлер бүгінге дейін жарақат салатын қаруларды тапсырған азаматтарға 23 млн теңгенің қаражатын төледі. Бұл шара жыл аяғына дейін жалғаспақ.
Шымкенттіктер қаруын тапсырып, ол үшін сыйақы алып жатыр. Полицейлер есебіне сенсек, жергілікті халықтың қолында қазыр 3 мыңға жуық жарақат салатын түрлі қару-жарақ бар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TlDegksj90w[/youtube]
Кәсіпкер Мақсұт Тоқтиев тапаншасын осыдан 6 жарым жыл бұрын сатып алған. Алайда бір рет те пайдаланбапты. Ешқандай қажеттілік тумады дейді. Сондықтан әжетке жаратылмаған қаруды өткізуді жөн деп санаған.
Қаруды тапсыру ережесі қарапайым. Ол үшін азамат жеке басын куәландыратын құжат пен оған қаруды қолдануға рұқсат беретін құжаттың көшірмесін және банктегі есеп-шотының фирмалық бланкісін өткізу қажет. Полицейлер қаруды тексеріп шығып, 3 балдық өрсеткішпен бағалайды. Қару құны оның жарамдылығына қарай белгіленеді.
Облыс полицейлері осыған дейін травматикалық қару иелеріне 23 млн теңге төлеген. Оқпен атылатын қару мен оқпансыз және жарақат салатын қаруларды тапсыру жыл аяғына дейін созылады.