Шымкент қаласында «Жасөспірім» атты жедел-алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары екі жасөспірімді қарумен ұстады. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2015 жылдың 1-10 сәуірі аралығында «Жасөспірім» атты республикалық жедел-алдын алу рейді өтіп жатыр. Аталған іс-шараның басты мақсаты жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, жасөспірімдер арасында алкогольдік сусындар мен шылым, қарулар мен өзге де заңсыз заттарды алып жүру және сақтау, жасы кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында жүру және түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүру бойынша және тағы да басқа заңбұзушылықтың алдын алу болатын. Тексеруге полиция қызметкерлері, прокуратура, денсаулық сақтау, ата-аналар комитеті және «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері жұмылдырылды.
Соның нәтижесінде 2 сәуірдің түнінде Әл Фараби полиция бөлімі мен аудандық прокуратура қызметкерлері біріккен тексеру барысында көшедегі жүрісі күдік туғызған екі жеткіншек анықталды. Бозбалалардың жасы — 17-де, өздері қалдағы колледждердің бірінде оқиды екен.
Оларды тінту барысында бірінің сөмкесінен маркасы «Perestam 66» газды-травматикалық тапанша оғымен, ал екіншісінің қалтасынан «ПМ» маркалы тапанша және травматикалық қарудың оғы табылған. Полиция қызметкерлері олардан қаруды қайдан алғандарын сұрағанда жасөспірімдер келе жатып тауып алдық дегендерінен қайтпаған.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты қылмыстық кодекстің 287-бабы — қаруды, оқ дәрілерді жарылғыш заттарды және жарылыс құралдарын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынып, тергеу амалдары жүргізуде.
Жалпы, «Жасөспірім» рейдінің екі күні барысында, полиция қызметкерлері 334 жасөспірімді анықтады. Оның ішінде 263 бозбала әкімшілік заңбұзушылық жасаған, 30 бала — панасыз. Қоғамдық орында ішімдік ішкені және мас халде жүрген 2 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 4 жасөспірім ұсталды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жасөспірімдерге алкогольдік сусын және темекі өнімін сатудың 14 жайтын анықтады. Ал түнгі сағат 23.00-ден кейінгі уақытта, көңіл көтеретін орындарда және түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз, тұрғын үйден тыс жерде жүрген 166 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді. Профилактикалық есепке 20 жасөспірім алынып, 68 қолайсыз отбасы анықталды. Аталған тексеру облыс аумағында 10 сәуірге дейін жалғасады.
Осы тұрғыда тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарға, травматикалық қаруды сақтауға және алып жүруге ішкі істер органдары берген тиісті рұқсаты бар жеке тұлғаларға 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін өз еріктерімен қаруларын өткізу қажет екенін тағы да ескертеді.
2016 жылдың 1 қаңтарында аяқталатын акцияның соңына дейін газды-травматикалық қаруларын өткізбеген тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Мұндай қаруларды ерікті өтеулі түрде өткізу акциясы облыстық ішкі істер органдарында 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі.