Шымкентте жаңа әуежай салынады. Халықаралық нысанның құрылысы биыл басталады. Жалпы аумағы 34 мың шаршы метр болатын алып жобаны іске асыру екі кезеңнен тұрады.

Тартылған инвестицияның жалпы сомасы – 143 миллион АҚШ доллары. Тың жобаның тиімділігі ұшан-теңіз дейді мамандар.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ngDujOu5e14[/youtube]

Әуежаймен қатар теміржол вокзалы және автовокзал бірге бой көтереді. Әуежайдың үш жақты логистикалық дамуы Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынып отыр. Құрылыстың алғашқы таныстырылымына «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының президентті Асқар Мамин арнайы келді. Қос тарап екі жақты меморандумға қол қойды.

vlcsnap-2015-04-24-17h50m01s188

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Жобаның ерекшелігіне тоқталсақ, теміржол бекеті мен әуежай бір жерден бой көтереді. Мұндай үрдіс Еуропаның елдерінде кеңінен пайдаланады. Еуропаның 80 пайызында теміржол мен әуежай бір-бірімен бірлескен. Ал мұндай жоба Қазақстанда бірінші рет Шымкент әуежайы негізінде іске асқалы отыр».

Жылына 2,5 миллион жолаушыға еркін қызмет көрсетіледі деп күтіліп отырған жаңа әуежай өңір экономикасына серпін бермек. Шетелдермен сауда-саттықты нығайтып қана қоймай, облыстағы туризм саласын дамытады.

Ал жаңа теміржол арқылы Түркістан мен Сарыағашқа тікелей қатынау мүмкіндігі ашылады. Одан бөлек, әуежайда 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Клод Бадан, «Airport Management Group» ЖШС бас директоры: «Шымкенттегі бұл теңдесі жоқ жобаның бірінші кезеңін аяқтау 2020 жылға дейін жоспарланған. Құрылыстың басты ерекшелігі – бірінші кезеңдегі жұмыстардың аяқталуы жобаның екінші кезеңіндегі ауқымды жұмыстардың атқарылуына кедергісін келтірмейді. Ал жүк терминалында көлік-логистикалық орталығымен бірлескен әуе-логистикалық хабын дамыту қолға алынады. Яғни, әуежайдың халықаралық талаптарға сай қоймасы және кедендік бақылау бекеті болады».

Ал әуежайдың дәл қасынан көлік-логистикалық орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Индустриалды аймақ негізінде қолға алынған орталық 92 гектар жерге орналасқан. Жоба құны – 24 миллард теңге.

Көлік, темір және әуе жолын үш бағыттан біріктіретін логистикалық хаб экспорттық әлеуетті арттырады. Биыл 160 мың шаршы метрді құрайтын 11 қойманың құрылысы аяқталады. Соның 10 қоймасы көкөніс сақтауға арналған.

Бұл жерде де 726 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық тауар айналымы бір жарым миллион тонна болады деп күтілуде.

Бұған қоса биыл Батыс Европа – Батыс Қытай автожолы бағытымен Түркістан, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында көлік-логистикалық орталықтарының құрылысы басталады деп жоспарланып отыр.