Шымкентте ұрлық жасап, елді қан қақсатып жүрген ұрылар Алматыда қолға түсті. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Олар пәтер тонап келген екен.
2015 жылдың басынан бері Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының Еңбекші полиция бөліміне пәтері тоналған бірнеше тұрғыннан арыз түскен. Солардың бірі — 27 жастағы жігіт. Оның айтуынша, 18 шағынауданындағы пәтерінің сыртқы есігінің құлпын бұзу арқылы ішке кіргендер қымбат бағалы ноутбук, ойын аппараты, алтын жүзік және ақшасын сыпырып кетіпті. Келген шығынның көлемі бір миллион теңгеге жуық деп зар қақсайды жәбірленуші.
Жиілеп кеткен пәтер ұрлығы қылмыстарын ашу мақсатында Еңбекші полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары ұрыларды тек Шымкенттен ғана емес, Қазақстанның басқа да қалаларынан іздейді. Осы тұста алматылық әріптестерімен байланысқан тәртіп сақшылары сонда күдіктілердің ізіне түсіп, жедел-іздестіру іс-шарасы барысында үш күдікті азаматты құрықтады. Олар 33, 22 және 19 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт және Ордабасы аудандарының тұрғындары болып шықты.
Бүгінде күдіктілердің тағы да 18 пәтер ұрлығына қатысты бар екені тергеу барысында анықталды. Олар жәбірленушілерге шамамен 10 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Айғақ зат ретінде ұрланған бағалы заттардың бір бөлігі тәркіленіп алынып, заңды иелеріне қайтарылды.
Аталған жайтқа байланысты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 188 бабы, ұрлық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.