Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, «Ерлікке тағзым» акциясы аясында аудандағы 12 ардагердің үйі ағымдағы жөндеуден өтсе, 2 ардагердің үйі күрделі жөнделеді. Бұл істі Қаратау ауданының әкімдігі қолға алып отыр.
Жөндеу жұмыстары Қайнар бұлақ саяжайында тұратын Сауранбай Қалдановтың үйінен басталды. Аудандық әкімдіктің мұрындық болуымен «Эристайл-Қазақстан» ЖШС жұмысшылары ақсақалдың үйінің қираған шатырын өз қаржысына ауыстырып берді.
Ал шымкенттік жастар ақсақалдың үйін әктеп, терезесін сырлады. Ауласындағы қоқысты жинап, жерін аударып берді.
Сауранбай Қалданов — Ұлы Отан соғысының ардагері. 18 жасында майданға шақырту алған ол Курск, Великие Луки, Орел, Минск қалаларын азат етуге қатысып, ІІІ Украина майданында соғысқан.
Алайда немістерді тізе бүктірген қарияның бүгінде қираған үйде тұрып жатқаны өкінішті-ақ. Әйтпесе, осы ақсақал секілді талай ардагерге жаңа үй сыйға тартылып жатқаны да бар.
Қартайған шағында бейнетінің зейнетін көрудің орнына қабырғасы көгерген үйді паналауға мәжбүр болған ақсақал қуықтай бұл үйді де мереке қарсаңында берілген ақшаға сатып алғанын айтады. Оған дейін бұл үйді 3 жыл бойы жалға алып келіпті. Бұған да шүкірлішік еткен қарт майдангер таза, барлық жағдайы жасалған кең үйде тұрғысы келетінін де жасырып қалмады. Онысының да жөні бар. Себебі, жасы 90-нан асқан ақсақалдың жүріп-тұруы, далаға шығуы қиын.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3KavZb7UPFE[/youtube]
Ал Қаратау ауданы әкімдігінің өкілдері соғыс ардагерлерінің тұрмысын жақсарту үшін қолдан келгенше тырысып бағудамыз дейді. Алдағы уақытта ақсақалдың мәселесін «майшаммен» қарап, көмек қолын созатындарын айтты.
Айта кетейік, Қаратау ауданы бойынша 47 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Баспана кезегінде тұрған 33 ардагер мемлекеттік бағдарлама бойынша «Нұрсәт» шағынауданынан пәтерге қол жеткізген екен. Ал мереке қарсаңында 12 ардагердің үйі ағымдағы, 2 ардагердің үйі күрделі жөндеуден өтті.
Одан бөлек алдағы уақытта соғыс ардагерлерінің тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін мемлекет қазынасынан 198 200 теңге көлемінде қаржы бөлінеді деп күтілуде.