Әдетте ел әділдік іздеп құзырлы органдардың табалдырығын тоздырғаннан кейін «НұрОтан» партиясына иек артады. Ал «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ғимаратына мүгедек адам кіре алмайды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоларбамен кіріп-шығуына арналған мұнда пандус жоқ.
Шымкет қаласында 29 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген екен. Олардың 1 мыңнан астамы мүгедектер арбасына таңылған. Өкініштісі сол – мүгедек жандардың қала ішінде емін-еркін жүріп-тұруы қиындай түскен. Тосқауыл көп. Ең бастысы – пандустың жоқтығы. Барының өзі талапқа сай емес. Стандартқа сәйкес пандустың жалпы ені 100 см, көлбеу бұрышы 6 градустан аспауы керек. Биіктігі 70 немесе 95 сантиметрлік екі деңгейлі тұтқасы болуы шарт. Жолдың ашық баспалдаққа немесе пандусқа қосылатын жердегі алаң аумағы 160х160 сантиметр, ішке кіретін есіктің ені 90 см кем болмағаны жөн. Едені тайғанақ емес материалдан жасалуы қажет.
Сәндібек Сүлейменов, қала тұрғыны:
– Осыдан 40 жыл бұрын абайсызда пойыздың астына түсіп, екі аяғымнан айырылдым. Жас кезімде протез аяқпен жүрдім. Қазір қартайғасын жүру оңай емес. Сондықтан да арбамен жүремін. Алайда қалада қоларбамен жүру өте ыңғайсыз. Жаяу жүргінші жолдары ойдым-шойдым. Пандус орнатылмаған. Болғанның өзінде ыңғайсыз. Себебі ені тар, тік, екі жақты тұтқасы жоқ. Ал, бір мекемеге барсаң табалдырықтан не есіктен кіре алмайсың. Әзірге мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін табалдырықтан биік тау жоқ сияқты. Сондықтан да болар көбісі үйден шықпауға тырысады.
Ал бұл талаптар қаншалықты орындалып отыр?
Алдымен «Нұрсәт» шағын-ауданында бой көтерген жаңа әкімшілік орталыққа бет алдық. Облыстық басқармалардың басым көпшілігі осында қоныс тепкен. Мұнда халық көп шоғырланатын мәдени орталықтар да аз емес. Жаңа әкімшілік орталықты аралап жүріп, мұндағы барлық ғимараттардың алдында пандус бар екенін көрдік. Барлығы да талапқа сай етіп жасалған. Тіпті, ғимараттың ішінде қоларбамен жүретіндер үшін барлық жағдай қарастырылыпты. Бір әттеген-айы, ғимараттардың барлығының еденіне жылтыр тас төселген. Ал, оның әсіресе қыс мезгілінде, кемтар жандар түгілі, сау адам үшін де қолайсыздық тудыратыны жасырын емес.
Зейнетақы төлеу орталығы, салық, банк мекемелері, ауруханалар мен дәріханаларда пандус болғанымен тым ыңғайсыз етіп жасалған. Оған мүгедек түгіл сау адамның өзіне көтерілу оңайға соқпайды. Ал көтерілген күннің өзінде, не табалдырықтан, не есіктен кіре алмай әлекке түседі. Сол заңдылықты қадағалап, орындалуын қамтамасыз етуі тиіс прокуратураға кірудің өзі мұң. Себебі, Еңбекші аудандық прокуратура орналасқан ғимараттың кіреберісінде пандус болғанымен, сол «баспалдаққа» жету үшін біраз тер төгу керек. Жә «онысына да шүкір» дедік. Өйткені, Шымкент қалалық әкімдігі мен өзге де мемлекеттік мекемелерге арбамен кіруге еш мүмкіндік жоғын көрдік. Қала әкімі мен мәслихат орналасқан бұл ғимаратқа мүгедек жандар бас сұқпайды деп айта алмассыз, сірә…
Айтпақшы…
Санаулы күндерден соң, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлағалы жатырмыз. Алайда, айтулы шара өтетін, Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалына қоларбамен кіру мүмкін емес. Бүгінгі ардагерлердің көбі өздігінен жүріп-тұра алмайтындығын ескерсек, қаруластары, майдандас достарының есімдері жазылған ескерткіш кешеніне келіп тағзым етуі мұң. Өзгені емес, өз есімінің мәңгілікке тасқа қашалып жазылғанын да көруіне мүмкіндігі жоқ. Себебі, «Даңқ» мемориалының құрылысын жүргізген құрылысшылар мұны ескермеген.
Десек те олар, саябақтың ішіне пандусты орнатуды ұмытпапты. Бірақ, ол да талапқа сай келмейді.
Түйін:
Арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шенеуніктер мен әкімқаралардың алдына барып жанайқайын айтпақ түгілі, қала көшелерімен жүрудің, серуендеудің, дәріхана, ауруханаларға барудың өзі мүмкін болмай тұр. Себебі Шымкенттегі жол бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол соқпақтардың жиектері биік, арбамен жүруге ыңғайсыз. Ал кейбір жерлерде тіпті, пандус жоқ. Десек те, көп ұзамай Шымқаладағы көшелері мен пандустар талапқа сай болатынына сенгіміз бар…
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ