«Ирак және Леванта ислам мемлекеті» («ИЛИМ») немесе Ирак және Шам ислам мемлекеті – ИШИМ, сондай-ақ «Ислам мемлекеті» – Сирияның басым аумағында (жарым-жартылай солтүстік-шығыс аумағын бақылайтын) және 2013 жылдан Иракта («сунниттік үш бұрышты» аумағын жарым-жартылай бақылайтын) әрекет ететін халықаралық террористік ұйымы.
Сирия және Ирак аумағында басымдықпен әрекет етуде. Ұйым 15 қазан 2006 жылы Ирак жерінде жергілікті «Аль-Қаида» бөлімшесінің бастауымен бірқатар радикальды ислам топтарының бірігуі нәтижесінде атап айтқанда, «Ансар ат-Таухид», «Аль-Ғураба», «Ислам жихады», «Асаиб әль-Ахуаль», «Жамаъа әль-Мурабитин», «Ансар ат-Таухид уа-с-Сунна», «Фурсан ат-Таухид», «Жунд Милләт әль-Ибрахим» сияқты ірілі-ұсақты ислам топтарымен бірігіп көшбасшысы Абу Умар әль-Бағдади басшылығымен «Ирак ислам мемлекетінің» құрылғанын жариялады. 9 сәуір 2013 жылы бұл ұйым «Ирак және Шам ислам мемлекеті (басқа нұсқада «….және Леванта») деп атала бастады. 2014 жылдың маусым айының соңында «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» ұйымы «Ислам мемлекеті» (ИМ) деп аталды. Оның басында ұйым көшбасшысы Әбу Бәкір әль-Бағдади (Абдолла Ибраһим ас-Самараи) тұрды.
Сонымен бүгінгі таңда бұл ұйым Ирак және Леванта ислам мемлекеті «ИЛИМ», Ирак және Шам ислам мемлекеті «ИШИМ» және Ислам мемлекеті «ИМ» деген атаулармен аталады.
«ИЛИМ» (ИШИМ) ұйымының негізгі идеясы – ұлттық, тектік-топтық, нәсілдік, әлеуметтік белгілеріне қарамай барлық мұсылмандардың рухани бірлігі, жоғары рухани көшбасшы Халифа билігі басшылығында (мужаһид әмірлерге мойынсұну арқылы) мұсылмандардың саяси бірігуі, шариғат негізінде құрылған (Халифат, ислам мемлекеті) теократиялық мемлекет құру, мұсылман еместерге қарсы қарулы күрес жүргізу, шииттерге әсіресе рафидиттер мен сефевидтерді мұсылмандардың жауы, құқық қорғау және зайырлы билік өкілдерін, бір топтан екінші топқа қашып жүрген ұйымның көзқарастарын қабылдамаған мұсылман-сатқындарды тағұт (Алланың заңынан басқа заңды қабылдаушы) деп есептеу және ұйымның мақсаты үшін өзін-өзі құрбан етуге (шаһид болуға) саналы түрде дайын болу.
Бұл топ 2014 жылдың жазында Ирактың батыс және солтүстік аймақтарында және Сирияның солтүстігінде (Күрдістан), жаппай шабуылдар ұйымдастырғаннан кейін кеңінен танылды. Бірнеше айдың ішінде бірқатар қалаларға үстемдіктерін жүргізе бастады. Мосул, Тикрит, Раққа қалаларына қанатын жайды. 29 маусым 2014 жылы Шам (Леванта) және Иракта халифатты мәлімдеді. 2014 жылдың маусым айында ИШИМ мүшесі Абу Тураб әль-Мұқаддаси Меккедегі қағбаны қиратамыз және Меккеде тасқа табынғандарды қырып-саламыз себебі, адамдар Меккеге Алла үшін емес тасты ұстау үшін ғана барады», — деп мәлімдеді.
2014ж. ақпан айында «Аль-Қаида» жетекшісі Айман аз-Зауаһири ресми түрде ИШИМ-нің «Аль-Қаидаға» қатыстылығын мойындамаймыз», – деп мәлім етті. ИШИМ ұйымының БАҚ құралдарында таратқан ақпараттарынан шиит, христиан, сефевид және езидиттерге қатысты қатігездікпен күш қолдану әрекеттер жасағандығы байқалады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында ИШИМ ұйымы мүшелерінің саны туралы әртүрлі ақпараттар айтылады. 2014 жылдың маусым айларында 12 мың, 11 қыркүйек 2014 жылы ОББ 20-31,5 мың, 26 қыркүйек 2014ж. Ресей ФҚК басшысы 30-50 мың адам деп шамалаған болатын.
Ирак Күрдістаны басшысы Фуад Хусейннің айтуынша ИМ ұйымында 200 мың адамнан асып жығылады.
Сарапшылардың пайымдауынша ұйымға қаржы криминалды іс-әрекеттерден келіп түседі (ұрлау, тонау, тұтқынға алғаннан соң төлем талап ету). Ұйымның қаржысы сарапшылардың бағалауынша 7 млрд. асады.
24 қараша 2014ж. БҰҰ-ң Контртеррористік комитетінің отырысында 2013ж. «Ислам мемлекеті» тұтқынға түскендерден алынған қаржы – 45 млн. долларды құрайды деп мәлімдеді. Қаржының негізгі қайнар көзі Ирак және Сириядағы мұнай өндіру зауыты өнімдерін сатудан түсетіндігі айтылады.
Күні бүгінге дейін ұйым БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы бірқатар шетелдік журналистермен азаматтардың өмірін қиғандығы туралы көріністер беріп отырды. Атап айтсақ, 14 қыркүйек 2014ж. гуманитарлық миссияның британдық қызметкері Дэвид Хэйнстің (David Haines), 24 қыркүйек 2014ж. француз тұтқыны Эрв Гурделді, 3 қазан 2014ж. Сирия қаласына гуманитарлық қызмет көрсеткен британдық Алан Хеннингті (Alan Henning), сондай-ақ американдық журналистер Джеймс Фоули және Стивен Сотлоффтың өмірін қиған бейнежазулар әлеуметтік желілер арқылы таратылды. Бұған қосымша БҰҰ-ң мәліметі бойынша 2014ж. басынан «Ислам мемлекеті» 700 жас балаларды қатігездікпен өлтірген.
ИШИМ ұйымының қызметіне бірқатар елдерде тыйым салынды. Атап айтсақ, АҚШ, Австралия, Канада, Сауд арабиясы, Ұлыбритания, Израил, Индонезия. 8-қыркүйек 2014 жылы Араб елдерінің лигасы экстремистік топ «Ислам мемлекетін» террористік ұйым қатарына жатқызды. 29-желтоқсан 2014ж. Ресейдің Жоғарғы соты «Ирак және Леванта ислам мемлекетін» халықаралық террористік ұйым деп жариялап Ресей аумағында оның қызметіне тыйым салынды.
Бүгінгі таңда ИШИМ ұйымының мықты насихаттау орталығы қызмет етуде. ИШИМ-нің медиаорталығы «Әл-Фурқан» агенттігі. Бұл медиақұрылым күннен күнге дамып келеді. Тіпті CNN агенттігі 2014 жылдың маусым айында шыққан «Звон мечей» (салил ас-сауарим) фильмінінің сапасын америкалық киноөндіруші өнімдерімен салыстырды. Ресейде бұл өнім экстремистік материалдар қатарына жатқызылып 2014 жылдың қазан айында аталмыш фильмді таратқан сайттарға тосқауыл қойылды.
Студия негізінен шетел және басқа тілдегі аудиторияларға бағытталып «әль-Фурқан», «әл-Иътисам», «әл-Хаят» медиаорталықтары субтитрлерімен қоса бірнеше тілде фильмдер шығарды. Бейнематериалдарда мужаһидтердің мұсылмандарды қарулы жиһад жасауға үндеген жолдаулары берілген.
Ұйымның негізгі белгілеріне мыналар жатады: ислам мемлекетінің халифасына ант беру; қабірлерді, киелі орындарды әсіресе, шиит-рафидиттердің қабірлерін қирату; Алла жолында өзін-өзі құрбан етуге (шаһид болу) басқаларды уағыздау; жиһад жасауға шақыру; шииттерге әсіресе рафидиттер мен сефевидтерге қатысты төзімсіздік таныту; пайғамбарлық жолындағы ислам мемлекеті Халифатты құруға насихаттау; Америка, Сирия және Ирак мемлекеттерінің жүргізіп жатқан саясатына теріс жағымсыз көзқарастарын көрсету; тағұт (Алланың заңынан басқа заңмен басқарылатын) мемлекетті тастап, ислам мемлекетіне қоныс аударуға уағыздау; Әбу Бәкір әль-Бағдадиды мұсылмандардың әмірі, ислам мемлекетінің басшысы деп есептеу.
Осыдан біраз жыл бұрын бұл ұйымның бір емес екі мемлекеттің аумағында осындай іс-әрекеттер жасау мүмкіндігі аңыз болып көрінетін еді. Алайда бұл күнде ол аңыз емес ақиқат болып тұр. Бір ғана ұйым бірнеше ұйымның мүшелерін өз қатарларына қосып, халифатты желеу етіп, исламды теріс жамылып, исламның атынан сөз сөйлеуі бүкіл адамзатқа, исламның өзіне қиянат жасаумен тең.
Сауд арабия мемлекетінің бас муфтиі Абдулазиз Әлі аш-Шейх «Ихуанул муслимийн» (мұсылман бауырлар) және «Ислам мемлекеті» (ИШИМ), «Жабһатун нусра» ұйымдарына қатысы барларды мұсылмандықтан алыс деп мәлімдеді. Муфти «Әл хайату әс-Суъудия» газетіне берген сұхбатында былай деген болатын: «ИШИМ» ұйымындағы «ан-нусра», «ихуанул муслимийн» сынды радикалды топтар адасушылықта, олардың исламмен ешқандай ортақ байланысы жоқ. Газеттің мәлімдеуінше муфти Имам Турки ибн Абдолла университетінде ғылыми семинарда студенттің ИШИМ, нусра және ихуанул муслимийн ұйымдарына қатысты қойған сұрағына былай жауап береді: «Егер осы жамағаттарға жіті назар салсаң, олардың исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын көресің. Олар исламды өздерінің көзқарастарымен нәпсілеріне орай құрып алған және адамдарды алдап-арбаумен келеді. Шын мәнінде олар адасушылықта. Қантөгісті, адамның қадір-қасиетін қорлауды, мал-мүлкін талан-таражға салуды, жер бетінде бұзақылық жасауды өздеріне халал етіп, қалаларды ешбір құқықсыз тартып алғандар. Бұның бәрі дөреке, теріс-жат нәрселер».
Белгілі ғалым Юсуф Кардауи да бұл ұйымның іс-әрекетін теріс бағалады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай деп көрсеткен болатын: «Біз экстремизмнің сепаратизмнің лаңкестіктің және дін үшін деп күш қолданудың басқа да формаларының діннің шынайы ұғымымен ешқандай ортақтығы жоқ деген және олар адамзат үшін қатер болып табылады деген пікірге келдік».
Басқа біреуді жазықсыз өлтіру, мал-мүлкін құқықсыз талан-таражға салу, азаматтардың ар-намысымен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлау, жарылыс жасау, өзін-өзі жару, қоғамға қауіпті өзге де зардаптардың туындау қаупін төндіретін өзге де іс-әрекеттер жасау, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру сияқты бүгінгі таңдағы ұйымның жасап отырған іс-әрекеттері исламда қараланады. Оның бәрі исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл іс-әрекеттердің барлығы шынайы исламмен ешбір ортақтығы жоқ. Екіншіден халықтың санасын улап Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың заманындағыдай Ислам мемлекеті Халифалықты құруға шақыруды ислам мұсылмандарға міндеттеген жоқ. Тіпті Мұхаммед (с.ғ.с.) халифалықтың отыз жыл болатындығын содан кейін оның патшалыққа ұласатынын айтқан. Алайда 30 жыл халифалық аяқталған соң әрбір мұсылман оны қайта құруға ұмтылсын, оны құру жолында біреуді жазықсыз өлтір, мал-мүлкін ешбір құқықсыз талан-таражға сал, азаматтардың ар-намысымен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорла, жарылыс жаса, өзіңді жарып жібер, бүлік жаса, халықты үрейлендір деген жоқ. Елдің әрбір азаматы бүгінгі таңда көзін айқара ашып, әр-түрлі ағымдарға ере бермей бұқаралық ақпарат құралдарынан естігені мен көргендерінің бәрін сүзгіден өткізбей, әлдекімдердің жетегіне оңай түсіп кетпей, басқа ағымдармен мазһабтарға еліктемей шынайы исламмен шын мәнінде жанасатын исламның ханафи мазһабы имам Абу Ханифаның жолымен жүргені абзал.
А.Мирзаходжаев,
ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығы ОҚО бойынша Сот сараптамасы институтының бас сарапшысы
«Оңтүстік Рабат», №15, 15.04.2015