Жеңістің 70 жылдығына орай 26 ардагер баспаналы болмақ

785

Жеңістің 70 жылдығына орай оңтүстікқазақстандық ардагерлерге құрмет көрсетілуде. Мемлекет басшысының жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне орай жасалған мерекелік медальдың 22346 данасы Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген. Аталған медаль соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға 15 сәуірден бастап табысталады.

Бұған қоса өңірдегі 443 соғыс ардагері мен 21 мыңға жуық тыл ардагеріне бір реттік жәрдемақы берілуде. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен үй кезегінде тұрған 26 соғыс ардагеріне баспана берілмек.

Бүгінге дейін Созақ ауданы мен Кентау қаласының әкімдігі төрт ардагерге пәтер кілтін табыстады. Сонымен қатар баспанасы жөндеуді қажет ететін ҰОС ардагерлерінің тұрғын үйлерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Аталған мерекелік датаға орай Мәскеуде өтетін шеруге облыстан Қаратай Төлебеков қатысса, 16 ардагер Астана қаласында ұйымдастырылатын салтанатты шеруге барады. Мерекелік шараларға қатысатын ардагерлерді біріңғай киіндіру үшін арнайы киімдер тігілуде.

Жүріп -тұруы қиындағанына қарамастан ардагерлер шеберханаға өздері келген. Қазіргі таңда қарт майдангерлерден киімнің өлшемі алынып жатыр. 9 мамыр күнгі салтанатты шеруге киіп баратын костюм-шалбарлары құйып қойғандай болуы үшін тігіншілер барын салуда.

Мерекелік киімнің түсі — көк. Ішінен ақ түсті жейде киіледі. Ал бастарына аспан түстес берет болады дейді мамандар.

Айтулы мерекеде ардагер аналарымызға да арнайы киім тігіліп жатыр. Отан үшін от кешкен шымкенттік 29 майдангер ана юбка мен костюм киеді. Су жаңа киімнің әрқайсысы орта есеппен 35 мың теңгеге бағаланып отыр. Қарт майдангерлерді сыптай етіп киіндіруді шаһардағы тігін фабрикаларының бірі өз міндетіне алыпты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі