«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Қазақстан Қарулы Күштерінің 23 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бірқатар игі іс жасады. Төлеби ауданына қарасты Екпінді ауылында соғыс және тыл ардагерлеріне арнап мектеп оқушыларының қатысуымен әскери жаттығулар сайысын ұйымдастырды.
Екпінді ауылында бір ҰОС ардагері мен он үшін тыл ардагері бар. Бұдан бөлек ауған соғысының қатысушылары да тұрады.
Жарыс басталардан бұрын барлық келушілер Екпінді орта мектебінің ауласына қойылған ескерткіш-тақтаға тағзым етіп, құран бағыштады. Бұл ескерткіш тақтада көршілес жатқан Екпінді, Қосағаш, Қорған, Біркөлік елдімекендерінен майданға аттанған жауынгерлердің есімдері жазылған.
Әскери жаттығуларды орындау сайысында Екпінді орта мектебінің 10-11 сынып оқушылары әскери киімде алаңға шығып, топ-топқа бөлінді. Жарыс әскери сапта жүруден басталды. Одан кейін әр топтан екі ұл және екі қыз баладан іріктеліп шығып, автомат қаруын бөлшектеп, қайта құрастырды. Соңынан әр топтың ер жігіттері алаңдағы түрлі кедергілерден өтуден сайысты. Кедергілердің соңында қолдарындағы жаттығу қаруымен нысананы көздеді. Ал, олардың жаттығу шеберліктеріне ауған соғысы ардагерлері баға берді.
Аян Түймебеков, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің қызметкері, Ауған соғысының қатысушысы:
– Қазір күн өткен сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны азайып барады. Менің әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әкем осы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына екі ай уақыт қалғанда бақилық болды. Бұл қуанышты күнді көре алмай кетті. Біздер, бүгінгі ұрпақ, соғыс жылдарында елі-жері үшін жанын қиған, маңдай терін төгіп еңбек еткен ата-әжелерімізді ұмытпауымыз керек. Олардың есімдерін әрдайым есте ұстауымыз қажет.
Бақыт Наурызбаев, «Петро-Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС Кәсіподақ комитетінің төрағасы:
– Бұрынғы ескерткіш-тақтада осы Қарабастау елдімекенінен соғысқа кетіп, Отанына оралмаған 88 адамның есімі жазылған еді. Міне, енді сол ескерткіш-тақтаны қайта жөндеуден өткізіп, елге оралған жауынгерлердің есімдерімен толықтырдық. Қазір бұл ескерткіш-тақтада 152 адамның аты-жөні жазулы.
Іс-шараның үшінші бөлімі мектеп залында жалғасты. Мұнда оқушылар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ерліктері туралы сахналық қойылым көрсетіп, соғыс туралы және патриоттық әндер шырқады.
Компания өкілдері ұжым атынан барлық ардагерлерге сый-сияпат тапсырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады. Мерекелік дастархан жайылды.
Келесі игі іс-шара Шымкент қаласы, Қарабастау елдімекеніндегі №99 мектеп-гимназиясында жалғасты. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС қаржыландыруымен мектеп ауласына қойылған «Ер есімі-ел есінде» атты ескерткіш-тақта жаңғыртылды. Тақтаға осы елдімекеннен соғысқа аттанған ҰОС жауынгерлерінің есімдері қашалған.
Әуелде Сайрам ауданына қараған Қарабастау ауылы бүгінде Шымкент қаласының аумағына енген. Елдімекен тұрғындарының дені «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-інде жұмысқа орналасқан. Компания өз кезегінде №99 мектеп-гимназиясына қаржылай-материалдық көмек көрсетеді.
Бұл демеушілік байланыс алты жылдан бері жалғасып келеді. Өткен жылы төрт интерактивті тақта сатып алып берген. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын әр оқу жылында мектеп құралдары, киім-кешекпен қамтамасыз етеді.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015